Елбасы: Қазақстан мен Қытай баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастықты арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - CCTV телеарнасына сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытайдың қандай салада ынтымақтастықты жандандыра алатындығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл жұмыстарды іс жүзінде бастап та кеттік. Жалпы, көмірсутектер, мұнай мен газ әлі де біраз уақыт пайдаланылатын болады. Дегенмен, бүкіл әлем баламалы энергетикаға бет алып отыр. Баламалы энергетика - бұл баламалы экономика. Өйткені, біз мұнай мен газға бай елміз. Ол біздің экономикамыздың басым бөлігін құрайды және мұндай ел өте көп. Сондықтан бізге мұнан кету қажет. Ол үшін біз осыдан 6 жыл бұрын индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Яғни, шикізат ресурстарына балама жұмыс орындарын беретін зауыттарды салуды қолға алдық», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің айтуынша, осының нәтижесінде бүгінде мыңнан астам кәсіпорын салып, оларда жүздеген мың жаңа жұмыс орны құрылды. 

«Бұл бірінші нұсқа. Екінші нұсқа - су, жел, күн сынды баламалы энергетика  көздерін салу. Қытай Халық Республикасы да сонымен айналысуда және біз серіктеспіз, бірге жасаймыз. Қазіргі уақытта аталған көздерден электр энергиясын өндіретін сондай бірнеше стансаны бірлесіп салып жатырмыз. Сондықтан да бұл бағыт өте маңызды деп ойлаймын. Біз ғылыми-техникалық прогресс сынды басқа мәселелерде де серіктеспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар