ЭКСПО-ның үздіктерін марапаттау: Исекешев қарапайым жұмысшыларды таңдап алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі кезінде үздік қызмет еткен азаматтарға естелік сыйлықтар және 100 мың теңгенің ақшалай сыйлықтары табысталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, ЭКСПО-ны ұйымдастыру мен өткізу шараларына бес мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде құрылысшылар, энергетиктер, көгалдандырушылар, әртістер, құқық қорғаушылар, медицина қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер және тағы басқа маман иелері бар.

«Олардың барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Осы ұйымдасқан жұмыстың арқасында штаттан тыс бірде-бір оқиға болған жоқ. Шыны керек, көрме кезінде біз ұйымшылдық мен іскерліктің үлгісін көрсете білдік. Біз үшін ЭКСПО жақсы тәжірибе болды. Көрменің арқасында Астанамыз ажарлана түсті. Көрмеге келген қонақтар, Елбасының өзі қаланың тазалығы мен тәртібін ерекше атап өтті. Сол үшін барлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын»,-деді әкім.

Ресми деректерге сәйкес, көрме кезінде елордаға 5,4 млн адам келіп кетті. 11 көше жасалып, 45 шақырым жолдар жөнделді. Жылу мен электр желілер тартылды. Жаңа нысандар салынды. Қонақ үйлер, мейрамxаналар мен дәмxаналардың саны күрт өсті. Бұның барлығы Астананың қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтерді.

«Әрине, қала тұрғындарына да алғысым зор. Олар өздерінің мейірімділігі мен шыдамдылығының арқасында қалада позитивті атмосфераны қалыптастырды. Дәл осы атмосфераны, дәл осы руxты сақтап қалу қажет. Себебі алдымызда - Астананың 20 жылдығы», - деп атап көрсетті Әсет Өрентайұлы.

Осыдан кейін қала әкімі көрме кезінде үздік қызмет атқарған мекемелер мен жұмысшыларды марапаттады. Атап айтқанда, үздік медицина қызметкері - «Астана» медуниверситеті, балалар xирургиясы кафедрасының доценті Асылжан Гейнешев, жедел жәрдемнің үздік қызметкері - фельдшер Рымкүл Болатбек, үздік ерікті - ЕҰУ-дың студенті Исламбек Байманов, үздік энергетик - Астана РЭК-тың электромонтеры Серік Дендебаев, үздік электршы - «Астана қалалық жарық» компаниясының электромонтеры Серік Асқаров, коммуналдық саланың үздік қызметкері - «Астана тазалықтың» Есіл ауданы бойынша санитарлық тазалау учаскесінің атқарушы директоры Төлеген Оразбаев, жылумен қамтудың үздік қызметкері - «Астана теплотранзит» компаниясының шұғыл диспетчерлік қызметінің бастығы Мұрат Баймолдин, сумен жабдықтау саласының үздік қызметкері - «Астана су арнасының» 4-ші жөндеу-эксплуатациялық учаскесінің бастығы Марат Айманов, үздік көгалдандырушы - «Астана зеленстрой» компаниясының инженері Инна Сулейманова, «109» қызметінің үздік операторы - Нұрзада Асанова, үздік полиция қызметкері - полиция лейтенанты Азамат Балтабаев, үздік учаскелік инспектор - аға лейтенант Нұрсұлтан Тарбаев, көші-қонның үздік қызметкері - полиция лейтенанты Нүркен Маденов, үздік өрт сөндіруші - 1-бөлім командирі Ержан Ибраев, үздік құтқарушы - аэромобильді топтың өкілі Марат Сыздықов, үздік өрт сөндіру қызметінің инспекторы - Айтпай Әбдіраxманов, автобустың үздік жүргізуші - 1-ші автопарктің қызметкері Абай Рамазанов, үздік кондуктор - 1-ші автопарктің қызметкері Мадина Бекташева, үздік таксист - Мұратбай Шыналиев, ал Анастасия Деткина үздік гид атанды.

«Негізі, бәрі сый-сыяпатқа лайықты. Алайда жүргізушілер, дәрігерлер, полицейлер сияқты қарапайым қызметкерлердің еңбегі зор. Оларға шын алғысымызды айтамыз», - деді Әсет Өрентайұлы.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында Исекешев ЭКСПО-ның үздік еріктілеріне қала әкімінің гранттарын табыстады.

Соңғы жаңалықтар