ЭКСПО қонақтары жетім балаларға арнап велосипед құрастырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қонақтары Корея павильоны ұйымдастырған қайырымдылық акциясына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нәтижесінде Корея павильонының өкілдері ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсететін "SOS Қазақстандағы балалар ауылы" халықаралық қайырымдылық ұйымына барды және көрмеге келушілер құрастырған велосипедтерді табыстады.

Шараға Корей агенттігінің сауда және инвестициялар бойынша клиенттерді қолдау қызметінің басшысы Сон Сок Ги және "SOS Қазақстандағы балалар ауылы" корпоративтік ауылының директоры міндетін атқарушы Дана Егешбаева және 30 бала қатысты.

"Аталған бағдарламаны Корея павильоны Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізді және ЭКСПО келушілерінің энергиясының көмегімен балаларға велосипед сыйланды. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шарасы корей мәдени аймағындағы Корея павильонының үшінші қабатында жүріп жатыр. Алдымен келушілерге бағдарламаның жай-жапсары түсіндіріледі және велосипед құрастыру бойынша қайырымдылық акциясына қатысу туралы ұсыныс жасалады. Кореяның ұлттық күнінде құрастырылған велосипедтерді "SOS Қазақстандағы балалар ауылы" ұйымына тапсыру туралы қайырымдылық көмек туралы келісімге қол қойылды", - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, келушілерден қаржылық көмек алынған жоқ. Павильон қонақтары генератордан "энергетикалық дән" өндіретін арнайы ойынға қатысты. Энергетикалық дән генератордың панелін әр басқан сайын өндіріледі. Әрбір 5 мың дән  үшін бір велосипед беріледі.

 

"Сендердің "SOS Қазақстандағы балалар ауылындағы" мейірімді ортада ұлы адамдар болып өсіп, болашақтың нағыз таза энергиясына айналатындарыңа сенемін. Корея туралы жақсы әсер қалдырғымыз келеді", - деді Сон Сок Ги.

Соңғы жаңалықтар