ЭКСПО қарсаңында Қазақстан заңсыз жүрген шетелдіктерден тазартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамыр айында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген шетелдіктердің барлығы ел аумағынан шеттетіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жалпы отырыс барысында тілшілер сауалына жауап берген ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің басқарма бастығы Сабыржан Сейітжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мамыр айында «ЭКСПО-2017» қарсаңында заңсыз көші-қонның алдын алуға қатысты шара ұйымдастырылады. Осыған орай еліміз аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтауға ерекше мән беріледі»,-деді ол.

Бұл тұрғыда Сейітжанов көші-қон заңнамасын орындамаған шетелдіктер әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан аумағынан тыс шығарылатынын жеткізді.

«ЭКСПО-ға дайындық аясында көрме аумағында 6 жұмыс бекеті даярланды, онда осы халықаралық шараға келген шетел азаматтарына қызмет көрсетіледі. Осы ретте визаның мерзімін ұзарту, уақытша тіркеу және көші-қон полициясына қатысты басқа да жұмыстар қамтылады. Сонымен қатар әуежайда, вокзалда тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы орындар қарастырылған. Көші-қон полициясы қызметкерлері елімізге келетін немесе Қазақстаннан кететін шетелдіктерге барынша көмек көрсетеді»,-деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады .

«Келісімге 2016 жылғы 17 қазанда Астанада екі елдің ішкі істер министрліктерінің өкілдері қол қойды. Осы құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кіргенімен елде болу тәртібін орындамаған немесе рұқсатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін мемлекеттің аумағында қалған адамдар жатады», -деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов заң жобасы бойынша баяндамасында.

Соңғы жаңалықтар