ЭКСПО аумағындағы мұз айдыны ашылуының кешігу себептері түсіндірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов ЭКСПО аумағындағы мұз айдыны ашылуының кешігу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, 11 қараша күні ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы туристік аймақ пен аумағы 3500 шаршы метрді құрайтын ауқымды мұз айдынының ашылатыны хабарланған еді.  

«ЭКСПО-дағы мұз айдынымен жеке ұйым айналысады. Яғни, олар бізден жер учаскесін жалға алып отыр. Мұз орнату жұмыстары әлі де жүріп жатыр, себебі олар күткен ауа райы болмады. Күн суыта қоймады», - дейді Сергей Куянов.

С.Куяновтың айтуынша, ашық аспан астындағы мұз айдынын ұстап тұру үшін орташа тәуліктік температура -5 градусты көрсетуі тиіс.

«Әзірге біздегі ауа райы сәл жоғарырақ, бірақ таңертең сөйлескенімізде жақын арада күннің суытатынын, мұз орнататындарын айтты», - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, ЭКСПО аумағындағы мұз айдыны «Нұр Әлем» сферасының жанында бұрынғы амфитеатрдың орнында салынып жатыр. Оның бір сеансына 1000 теңге төлеп, 4 сағат коньки тебуге болады. Мұнда жаңа конькилерді жалға беру ісі де ұйымдастырылады және оның да бағасы шамамен 1000 теңгені құрамақ.

Сондай-ақ, желтоқсан айында ЭКСПО аумағына еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылады және жыл сайын Хан Шатыр маңына салынып келген мұз қалашық та ЭКСПО-ға көшіріледі. 

Соңғы жаңалықтар