ЭКСПО-2017: Шетелдік қонақтар Қазақстан туралы алғашқы әсерлерімен бөлісті

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесі басталған сәттен бері Астанаға келіп жатқан шетелдіктер саны артып келеді және олардың басым көпшілігі қазақтардың қонақжай, мейірбан екенін ерекше атап өтеді. Астананың ауа райына қынжылғандар бар. Ет жеуімізді қатігездік деп қабылдайтындар да табылады. Сырт көз - сыншы. ҚазАқпарат тілшісі шетелдік павильон қызметкерлерінің Қазақстан туралы, ЭКСПО туралы ой-пікірлерін біліп қайтты.

null
Латын Америкасы павильонының музыканты Омар Хуаникино:

-   Мен Боливияның Ла-Пас қаласынан келдім. Бұл менің алғашқы көрмем және Қазақстанға да алғаш келуім. Бірақ кеңес заманында Мәскеу мемлекеттік университетінде оқығанмын, орыс тілін жетік білуімнің себебі осы. Қазір Боливияда инженер болып жұмыс істеймін, бірақ, ЭКСПО-ға муызкант ретінде келіп отырмын. Себебі, музыка әрбір боливиялықтың қанында бар. Көрмеден шақырту келіп түскенде, еш ойланбадым. Еңбек демалысын алдым да, Қазақстанға тарттым.

Әрине, жастық шағым өткен жерді қайта көргім келді, көп нәрсе өзгеріпті. Боливиядан Ресейге дейін 24 сағат ұшып келдік, содан соң Мәскеуден Астанаға, жалпы алғанда 30 сағат жол жүріп келдік. Астана қаласы көңілімнен шықты, жаңа заманауи қала екені көрініп тұр, көркіне көз тоймайды.

Әзірге қаланың көрікті жерлерін аралап үлгермедік. Күн райы біраз суытты, жақын күндері жылынады деп үміттенемін. Қазақтар мен боливиялықтардың ортақ қасиеттері көп, мәселен екі халық та ақ пейілді және қонақжай. Қазақстанда 10 қыркүйекке дейін боламыз және барша қазақстандықтарды Оңтүстік Американың жалынды әндерін тыңдауға шақырамыз.

null
Корея павильонының қызметкері Ким А Ран:

-    ЭКСПО-2017 - менің де алғашқы көрмем. Әкемнің жұмыс бабымен төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореядан Қазақстанға көшіп келдік. 11 сыныпты Алматы қаласында тәмәмдап, Асфендияров атындағы медициналық университетке түстім. Университетте ағылшын тілінде оқимын, әйтсе де, онда нағыз шетелдіктермен тілдесу мүмкіндігі аз. Сондықтан, жазғы демалыста ЭКСПО-да жұмыс істеуді ұйғардым. Мұнда баспана, тағам тегін. Жергілікті тағамдардан лағманды сүйіп жеймін. Орталық Азиядағы барлық кореялықтар кәуап пен лағманды ерекше ұнатады.

Астанаға да алғаш келіп тұрмын. Мұнда Алматыдағыдай тау жоқ және үнемі жел соғып тұрады. Есесіне, зәулім ғимараттар көптеп салынған, қала өте әдемі. Бір байқағаным, Алматымен салыстырғанда, астаналық тұрғындар қазақша көбірек сөйлейді. Корея павильонында жұмыс істеп жүргенде келушілердің бірі маған қазақша тіл қатты. Қазақ тілін түсінбейтінімді айтып едім, «Қазақтың қызы неге өз тілін білмейді?» деп маған ұрыса бастады. Аты-жөнімді көрсеткенде ғана Оңтүстік Кореядан келген корей қызы екеніме көзі жетті.

ЭКСПО-ның ашылуына бір күн қалғанда, қаланың көрікті жерлерін араладық. Маған Бәйтерек пен Ұлттық музейдің жанындағы мешіт ұнады. Бұған дейін Бәйтеректі оқулықтардан ғана көріп едім, өз көзіңмен көрген басқаша екен. Қазақстандағы өмір ұнайды, себебі Кореяда ата-анам жұмыстан кеш келетін және бір-бірімізбен сөйлесетін уақыт болмайтын. Орыс тілін үйрену үшін 3 жыл қажет болды, енді қазақ тілін ептеп үйреніп келемін. Қазақстанда жүргеніме биыл 4 жыл толады. Төрт жылда Қазақстанды ұнатып үлгердім. Оқуымды шет мемлекеттерде жалғастырып, Қазақстанға қайта оралғым келеді.

null
Франция павильонының қызметкері Надеж Легру:

-  Франция павильонындағы жұмыс туралы хабарландыруды бір ай бұрын көрдім. Орталық Азияда болып көрмеген мені бұл жұмыс қатты қызықтырды. Оның үстінде, жоғары сыныпта орыс тілін оқығанмын. Бұл Орталық Азияны зерттеп, тілімді жаттықтыру үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр.

Бәрінен бұрын, мені таң қалдырғаны - Қазақстанның халқы. Олар ерекше мейірбан, мұндай қонақжайлықты мен еш жерден көрген емеспін. Бассейнге барғанда, астаналық қызбен таныстым. Ол менің шетелден келгенімді көріп, үйіне қонаққа шақырды. Мен оның отбасымен, бауырларымен, сіңлілерімен таныстым. Тағы бір әріптестерім фермаға атқа мінуге шақырды.

Тағы бір байқағаным, Қазақстанның жастары ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Мен орысшамды жетілдіремін деп келсем, олар ағылшын тілінде сөйлесуді жөн көреді. Әріптестеріммен бірге ЭКСПО-қалашықта тұрып жатырмын, жанымызда «Мега» сауда-ойын-сауық орталығы орналасқан. Бірақ, ондағы тауарлар айтарлықтай қымбат және досым екеуміз апта сайын «Артем» базарына барамыз.

Франция халқы, әсіресе жастар қоршаған ортаға қамқорлық көрсету мақсатында, етті аса көп жемейді. Мен де сол қатарда едім, бірақ Қазақстанға келгелі ет жеуді көбейттім, әсіресе манты мен лағманды ұнатамын. Фермада жүргенде қымыздың дәмін татып көрдім және өзіммен бірге екі бөтелке қымыз алып кеттім. Құртты да фермада алғаш рет жеп көрдім, нағыз саяхатқа ыңғайлы ас екен.

Менің сапарымнан кейін көптеген достарым және отбасым Астанаға келіп көру туралы шешім қабылдады. Барлық жақындарым мен таныстарымды Қазақстанға шақырып жүрмін. Көрменің соңында дейін Астана болып, желтоқсан айына дейін Қазақстанның өзге қалаларын, Қырғызстан мен Тәжікстанға баруды жоспарлап жүрмін.

null
Катар павильонының директоры Мохд Саед Аль-Блоши:

-   Мен 2003 жылдан бері ЭКСПО көрмелерінде жұмыс істеп келемін. Бұған дейін Жапонияның, Кореяның, Италия мен Қытайдың көрмелерінде болғанмын.

Дохадан Астанаға тікелей рейс жоқ. Сондықтан, Дохадан Дубайға бір сағат ұштым, әуежайда 2 сағат келесі рейсті күтіп, Дубайдан Астанаға - 4 сағат 40 минутта ұшып келдім.

Қазақстанға қасиетті Рамазан айында келдік және бір күні ауыз ашу үшін Мегадағы мейрамханаға барсақ, бос орын қалмапты. Фудкортта да ине шаншар орын жоқ. Тағамға тапсырыс беріп, сырттағы сәкіде жеуді ұйғардық. Сол сәтте бірнеше баласы бар қазақстандық отбасы біздің ауызашарға келгенімізді түсініп, өз үстелдерін босатып берді және тағам таңдап, тапсырыс беруге көмектесті. Бұл нағыз қайырымды іс, біз оны жоғары бағалаймыз. Астанада Хазірет Сұлтан және Нұр Астана мешіттеріне бардым. Менің таң қалғаным, намазды күтіп жүрген адамдар мешіт маңындағы субұрқақтың қасында, көк майса шөп үстінде емін-еркін серуендеп жүрді. Көлік қоятын арнайы орындар да қарастырылған. Мұндағы мешіттер өте ыңғайлы.

null
Конгодан келген Арлетт Джиенга Нзузу:

-  Астанаға екі апта бұрын келдім және менің ойымша, көрмеге деген қызығушылық өте төмен. Мен Шанхай көрмесінде болғанмын, онда қытайлықтар өте көп болып еді, ал мұндағы халық белсенді емес.

Көрменің өзі қызық, павильондар жақсы жабдықталған, болашақтың энергиясы тақырыбы да өте өзекті. Бірақ, келушілер аз. Сол себепті, менің тауарларым өтпей жатыр. «Мың теңге» деген қазақша сөзді жаттап алдым, себебі тауарларымның көпшілігі мың теңгеден сатылады. Бірақ, бәрі саудаласқысы келеді. Шанхайда көп табыс тауып едім.

Кеше қазақстандық әріптесім Астана жағалауындағы мейрамханаға қазақ тағамдарының дәмін көруге шақырды. Тағамның атын ұмытып қалдым, тек картоп пен еттен жасалғаны есімде (қуырдақ - авт.).

Жалпы, өзім 4 ЭКСПО көрмесіне - Сарагосса, Шанхай, Милан және Астанаға бардым. Өзім Конго Демократиялық Республикасының тумасымын, бірақ қазір Испанияда тұрамын. Онда аудармашы болып табыс табамын және африкалық киімдердің дизайнымен айналысамын.

null
Африка плаза павильонының қызметкері Анкома Боатенг:

-   Мен энергетика саласында жұмыс істеймін. Мұнда Гана мемлекетінің энергетика саласында қандай жетістікке жеткенін көрсетеміз. Оның шамамен 50 пайызын гидролиз бен күн қуаты көздерінің жаңартылатын энергетикасы құрайды. Сонымен бірге, жақында 1500 мегаваттқа дейін жел қуатын өндіре алатынымызды білдік, қазір соның нұсқаларын салудамыз. Фермаларымызды суару үшін жел және жерасты суларын қолданамыз деп үміттенеміз. Одан бөлек, Гана мемлекеті какао өндірісімен танымал, банан мен ананас экспорттаймыз.

Кеше қазақ жауынгерінің мүсіні орнатылған Есіл жағалауында болдым. Мұндағы тағамдар дәмді және бағалары өте арзан. Біздің валютамыз седи деп аталады және 1 доллар 4 седиге тең. Жылқы етін жеп көрмедім, себебі мен вегетариандықпын. Иә, мұнда кей кездері ауа райы салқындайды. Біз ғаламтордан Қазақстанның ауа райы туралы көп іздендік және өзімізбен бірге қалың күрте, жылы киімдер әкелдік. Сондықтан, салқын ауа райы біз үшін кедергі емес.

Орталық Азияға алғаш рет сапарлап келдім. Астананың көркіне қарап, небары 19 жыл толғанына сенбедім. Егер бұл рас болса, болашақ ұрпақ осы қарқында дами беріңіздер, өркендей беріңіздер деп тілеймін.

Соңғы жаңалықтар