ЭКСПО-2017: Сағатына 1300 шақырым жүретін пойыздың жобасы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жабылу салтанатында келешекте адамзаттың игіліне жаратылатын озық технологиялар мен әлемдік дәрежедегі энергия өндірудің үздік жобалары таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көрменің жабылу салтанатының ресми бөлігінде алып экрандардан «ЭКСПО» көрмелеріні тарихы көрсетілді. Сондай-ақ онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді.

Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың буыны ретінде баланы соңғы технологиялармен безендірілген сахнаға шығарып, жас буынның көзімен келешектен хабар береді. Көркем қойылымда алып экран арқылы күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы көрсетілді. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдың креативті жобасы - болашақтың вакумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырымға жүретін келешектің көлігінің жобасының авторы - атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынып жатыр. Бұл пойыз келешекте Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтеді.

Шарада сондай-ақ, әр адамның қадамынан өндірілетін қуат көзінің, өсімдіктерден өндірілетін энергияның жобасы көрсетілді. Ұйымдастырушылар қойылым арқылы қарапайым гүлдің смартфонды қуаттай алатынын көрсеткен. Демек, қоршаған орта энергияның көзіне айналады. Терезеңіздегі гүліңіз үйдің көркіне айналып қана қоймай, үйіңізге жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек.

Еске сала кетсек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің соңғы күні көрме аумағында айтулы шаралар легі ұйымдастырылады. Дәл осы күні көрме билеттерінің сатылымы тоқталып, павильондар жабылады. Кешқұрым эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты концерт өтеді.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 маусымнан 9 қыркүйекке дейінгі аралықта ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 3 860 000 адам келген.

Соңғы жаңалықтар