ЭКСПО-2017 көрмесінің келушілеріне абонемент енгізу көзделуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы xалықаралық көрмеге кіруге құқық беретін абонемент жүйесін енгізуді жоспарлауда, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір бұл мәселе компанияда қызу талқылануда, өзгерістер енуі мүмкін. Біздің ойымызда, келушілерге билет емес, абонемент беру жоспарымыз бар. Бірақ бұл әзірге тек сөз жүзіндегі мәселе. Оның нақты енгізілуі не енгізілмеуі бірқатар компаниялардың өткізгелі отырған шараларына байланысты, солардың жауабын күтіп отырмыз», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.

Оның сөзінше, абонементтердің шығарылуы 2 күннен артық өткізілетін көпкүндік форумдарға байланысты болып отыр.

«Мысалы 5-7 күн бойы билет сатып алу адамдар үшін тым қымбат шығуы ықтимал. Сондықтан біз оларға арнайы абонемент енгіземіз. Бірақ ол әлі жоба күйінде қалып отыр. Себебі ол шаралардың қанша күн өтетіні белгісіз», - деді ол.

Өз кезегінде, тілшілер өңірлерден немесе алыс мемлекеттерден келген меймандарға абонемент беру жайын сұрап көрген болатын. Сауалға жауап беру кезінде Еркімбаев көрмені бір күнде аралап шығу мүмкін емес дегенге келісті.

«Әсіресе адам ол көрмені сапалы шолып өткенді қаласа, ол тіпті мүмкін емес. Кемінде екі-үш күн керек. Ол өңірден келген жерлестеріміз болса, Астанада қалуы керек болады. Көрменің мазмұны өте ауқымды. Абонемент мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр. Ол шешімді жақын арада қабылдаймыз», - деп түйді сөзін департамент басшысы.

Еске сала кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінің билет құны 4 мыңнан 8 мың теңгеге дейін жетеді. Билеттерді онлайн кассаларда немесе Қазақстанның облыс орталықтарында, Ресейдің бірқатар қалаларынан сатып алуға болады.

Соңғы жаңалықтар