ЭКСПО-2017 көрмесінде волонтерлардың тағамы жіті бақылауда болды - Бекшин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қоғамдық денсаулықты сақтау қызметі ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық волонтерлары тамақтанған асхананы қатаң қадағалаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін медициналық қамтамасыз ету» тақырыбындағы баспасөз конференциясында көрме кезінде қоғамдық денсаулықты сақтау қызметінің тәуліктік режимде жұмыс істегенін айтты. Көрме барысында 323 маман, 7 арнаулы көлік, соның ішінде жылжымалы зертханалар да жұмылдырылған.

«Мамандар 12 мыңнан астам азық-түлік өнімдері сынамаларын зерттеп, соның 275 сынамасының гигиеналық талаптарға сай еместігін анықтады. 11,5 тонна өнім, логистика тілімен айтқанда, 1600 партия көрме аумағына кіргізілмеді. 1 800 кг өнім және 200 дайын ас порциясының жарамсыз болып қалғандығы анықталып, жойылды», - деді Жандарбек Бекшин.

Бұл айтылғандардан тыс, азық-түлік өнімдерін қадағалауды жақсарту үшін қосымша 57 экспресс-прибор алынған.

«Волонтерлар мен көрмеде қызмет етіп жүргендердің барлығы тамақтанатын асхананы ерекше қадағалап отырдық. Ол жерде күн сайын 8000-ға дейін адам тамақтанды. Таңғы, түскі және кешкі ас тұрақты түрде бақылауда болды», - деді ол.

Комитет төрағасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде тамақтан улану жағдайлары тіркелмегенін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар