ЭКСПО-2017: АҚШ өкілдері шексіз энергияның көзін көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол өз елінің ұлттық павильонын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ павильонының тақырыбы - «Шексіз энергия көздері». 1100 шаршы метрді құрайтын павильон үш залдан тұрады. Бірінші залда қонақтарды америкалық студенттер қарсы алып, Америка Құрама Штаттарын таныстыратын болады. Соның барлығы фото және видео сериалдарынан көрініс таппақшы. Американың өткені және болашағы, жетістіктері мен табыстары - бәрі-бәрі жан-жақты көрсетіледі. Тура сол жерде «Шексіз энергияның көзі не?» деген сауал қойылады.

Екінші залда үш үлкен экран арқылы көрме тақырыбына арналған шоу ұйымдастырылады. Ал үшінші залда «Шексіз энергияның көзі не?» деген сауалдың жауабын көруге болады. Ол энергияның көзі - адамдардың өздері. «Біз үшін шексіз энергияның көзі ол - адамдардың идеялары мен өзара қарым-қатынасы», - дейді америкалық студенттер. Ол студенттердің бірі - Вера Свонсон.

Өз сөзін қазақ тілінде бастаған Вера туған атасы мен апасының Тараз қаласында дүниеге келгенін жеткізді.

«Мен өзім Минесота штатындағы Висконси университетінде білім алдым. Бір жылдай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыдым. Қазір мен Астана қаласымен жан-жақты танысып жүрмін. Маған ол қала қатты ұнады. Мамандығым - экология. Орталық Азия мен Қазақстан табиғатының ерекшеліктерін зерттеп жүрмін. Бүгінде адам санасының үздік идеялары мен жетістіктерін пайдалана отырып, біз алға қойған мақсаттарға жете аламыз. Сондықтан сол идеялардың өзі шексіз энергияның көзі болса керек», - дейді Свонсон.

Соңғы жаңалықтар