Экс-министр Қуандық Бишімбаев екі айға тұтқындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұтқындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросына сілтеме жасап.

«12 қаңтар күні Астана қ. Алматы ауданының №2 аудандық соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты «тұтқындау» бұлтартпау шарасын тағайындады. Бишімбаев топтармен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталуда. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.

ҚазАқпаратқа қалалық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі ай мерзімге тұтқындалған. 10 қаңтар күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы министрдің ұсталғанын хабарлаған еді. Ол топтармен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алу күдігімен қамауға алынды. Тергеушілердің тұжырымынша, заңсыз түрде алынған ақшалай қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жұмсаған.

Қуандық Бишімбаевтың орнына Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық экономика министрі болып Тимур Сүлейменов тағайындалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесу кезінде ұлттық экономика министрлігінде болып жатқан кадрлық ауыс-түйіс жайлы айтты.

«Министр Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингіндегі қызметіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты орнынан босады. Қазіргі сәтте оған қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр», - деді Мемлекет басшысы.  

Соңғы жаңалықтар