Екатерина Парафиева: Біз туғанда үшем едік...

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби көшесіндегі жол апатында екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиева әлеуметтік желідегі парақшасында дүниеге анадан үшемнің біреуі болып туғанын, алайда аман қалған жалғыз өзі екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1986 жылғы кішкентай аяқ киімімді тауып алдым. Сіздерге мен 7 айлық болып дүниеге келгенімді, салмағым 900 грамм, бойым 37-ақ см болғанын айтсам сенер ме едіңіздер... Біз үшем болып туғанбыз, тек менің ғана өмірімді сақтап қалған. Осыдан соң, сіздер менен жол апатынан кейін мұқалмайтын табандылықты қалай сақтап қалдың деп сұрайсыздар. Мен тумысымнан осы күресті бастап кеткенмін. Енді өмір әділетсіз деп, уақытым мен күш-жігерімді өкпе-ренішке толтырсам, дұрыс па? Естеріңізде болсын, өмір бір-ақ рет беріледі. Жүрек соғып тұрғанда ол бітпейді», - деп жазды Екатерина Парафиева Фейсбуктегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан зардап шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын. Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтті.

Осыдан бір ай бұрын, 24 қазан күні басталған сот процесінде автобус жүргізушісі Дəурен Жаңабаев жауапты ретінде сотқа тартылған. Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша адам денсаулығына үлкен залал келтірген жол апатына əкелген жол ережесін бұзды деген айып тағылды. Жаңабаевтың қорғаушысы Бақытжан Сейдалиев тергеу барысында Екатерина Парафиеваның іс-əрекеті дұрыс тергелмегенін, сол үшін қайта жіберуді өтінген болатын. Айыпталушы Жаңабаев өз кінəсін мойындамады. 

Соңғы жаңалықтар