Димаш үшін өз елінен ыстық жанкүйер жоқ - Алпамыс Шерімов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші Димаш Құдайберген әзірше бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай да сұхбат бере алмайды. Өйткені, Димаштың Қытайдағы келісімшарты әлі аяқталмаған. Бұл туралы әншінің ресми өкілі Алпамыс Шерімов мәлім етті,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өкінішке қарай, келісімнің қай уақытта аяқталатынын айта алмаймыз. Ал xалықтың алдына онсыз да шығып жүр ғой. Журналистердің сұрақтары болса, әзірше мен барлық сауалдарға жауап бере аламын", - деді Шерімов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Алайда ол әншінің жеке ойларына, Қытайдағы естеліктері мен байқаудан алған әсеріне қатысты сұрақтарға тек Димаштың өзі ғана жауап бере алатынын мойындады. Ал "Қытайдағы үлкен конкурстан кейін Қазақстандағы жанкүйерлердің аздығы сезіліп қалған жоқ па?" деген сұраққа өзі жауап беріп көрді: "Жоқ, жанкүйерлердің аздығы сезілген жоқ. Қазақстан xалқы Ассамблеясының концертін көрдіңіздер, оның алдында Димашқа "Қазақстан" концерт залында құрмет көрсетті. Соған қарағанда, жанкүйерлер аз болып қалды деп айта алмаймын. Димаш қайда барса да, ол үшін өз елінен артық, өз жанкүйерінен ыстық адам жоқ қой", - деп атап көрсетті Димаштың ресми өкілі.

Оның айтуынша, қытайлық жанкүйерлер берген барлық сыйлықтар Қазақстанға жеткізілді. Соның ішінде Димашқа жасалған ең қымбат әрі тосын сый - ол Джеки Чанмен кездесу. Әлемге әйгілі актердың қолынан эксклюзивті күртешені алу да Димаш үшін үлкен сый болды. Қазіргі кезде Димаш қытай тілін де үйреніп жатыр.

"Ол ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп жатыр. Өйткені ол байқауда қытайша ғана емес, ағылшын тілінде де, француз тілінде де, итальян тілінде де ән айтты", - деді Алпамыс Шерімов.

Соңғы жаңалықтар