Депозиттердің долларлануы төмендеуде - Данияр Ақышев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық валюта жинақтау құралы ретінде өз орнын алуда. Мұндай пікірді бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, депозиттердің долларлануы жыл басындағы 55 пайыздан тамызда 50 пайызға дейін төмендеді. Жыл басынан бері теңгемен депозиттер 6 пайызға ұлғайды, ал валюталық депозиттер қайта бағалау нәтижесінде, сол сияқты нақты әкетілуі есебінен 10 пайызға қысқарды.

«Заңды тұлғалардың салымдарының долларлануы 2017 жылғы тамызда 45 пайызға дейін, жеке тұлғалардың салымдары 2017 жылдың басындағы 62 пайыздан 57 пайызға дейін төмендеді», - деді ол.

Ұлттық банк басшысының сөзіне қарағанда, депозиттер бойынша мөлшерлемелерді толығымен нарыққа қатысушылар айқындайды. Ұлттық банк тек ең көп мәнін белгілей отырып, оларды реттемейді. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап халықтың жаңадан тартылған валюталық депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме 2-ден 1,5 пайызға дейін төмендетілді.

Тамызда жеке тұлғалар үшін теңгемен мерзімді депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме 12,2, заңды тұлғалар үшін 8 пайыз болды.

Соңғы жаңалықтар