«Денсаулық» пойызы Маңғыстауда бір айдан астам уақыт болады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ «Денсаулық» пойызы кеше Маңғыстау облысы Тұрыш стансасына келіп, бүгіннен бастап науқастарды қабылдауда. Пойыз теміржол бағытында орналасқан облыстың 22 елді мекенін аралап, әр стансада 1-3 күн бойы жұмыс жасайтын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Пойыз Маңғыстау облысының тұрғындарына 31 мамырға дейін қызмет көрсететін болады. Пойыз жұмысының мақсаты - шағын елді мекендердегі, сондай-ақ жеке аумақтарда орналасқан тұрғындарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету. Оның құрамында 18 дәрігер жұмыс жасайды, олар қажетті диагностикалық құрылғылармен жабдықталған.

«Біз кеше Тұрыш стансасына келіп жеттік. Құрылғыларды жұмыс жасауға дайындап қойдық. Бүгін таңғы сағат 9-да науқастарды қабылдай бастадық. Басқа елді мекендерде де осылай жұмыс жасайтын боламыз. Бейнеу (24 сәуір күні келеміз), Шетпе (3 мамыр), Жаңаөзен қаласы (10 мамыр), Құлсары (18 мамыр), Мақат (21 мамыр), Аққыстау (28 мамыр) стансаларында үш күннен боламыз», - деді «Денсаулық» пойызының бас дәрігері Ғиззат Саматұлы.

Мамандар күніне 250 науқасты қабылдауға қауқарлы. Бас дәрігердің айтуынша, бір жарым айда мамандар 39 жұмыс күнін жасайды. Демек, олар шамамен 10 мың науқасты қабылдайды. 

1

2

3

Соңғы жаңалықтар