Денсаулық министрі: Адамның миы өлгеннен кейін органды беруге қарсы бола алмайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов адамның миы өлген соң өз органын біреуге беруден қалай бас тартуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бұл мәселе тексеріліп жатыр. Бүгінгі таңда адам дені сау кезінде арнайы жазба қалдырса жеткілікті, оны осындай ұқсас жағдайлар болған кезде туысқандары дәрігерлерге бере алады. Егер адам өлім аузында жатса, адамның миы өлген болса, органды беру-бермеу мәселесі оның туысқандарымен талқыланады. Егер туысқандарының қолында жаңағы өзінің келіспеушілігін растайтын сөзі болса, органды алмауға бұл жеткілікті», - деді министр.

Оның айтуынша, қазір министрлікте осындай бас тарту дерегін «Азаматтарға арналған үкімет» электронды жүйесі арқылы тіркеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Өзге елдерде осындай тәжірибе бар.  Электронды бас тарту дерегі жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігінің чипына тіркеледі», - деді министр.

Е.Біртанов даулы мәселені осыдан 7 жыл бұрын заң жобасын қабылдар кезде түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенімен байланыстырды.

«Дәрігерлер қазіргі заң шеңберінде жұмыс жасады. Бүгінде туысқандарда марқұмның дене мүшелеріне иелік ету құқығы азайды. Заңға өзгеріс еніп жатса, бұл трансплантология саласын тоқтатады. Мыңдаған мұқтаж адам қаза болады. Біздің заңнама халықаралық қағидаттарға негізделіп жасалған», - деді Елжан Біртанов.

Айта кету керек, БАҚ-та қайтыс болған 22 жастағы ақтөбелік  жігіттің туысқандары марқұмның бүйректерін олардың келісімінсіз алды деп дау шығарған болатын. Олар мұны мәйітханада біліп, прокуратура мен полицияға арыз түсірген.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда  өлген адамның мүшелерін шұғыл жағдайда оның туыстарының келісімінсіз өзге науқастарға трансплантациялауға болады деп түсініктеме берген болатын.

Яғни, адам көзі тірісінде мүшелерін алуға келісімін бермейтіндігін ресми, жазбаша түрде жазып қалдырмайтын болса, онда ол келісімін берді деп топшыланады.

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңының 169-бабы 10-бөлігіне сәйкес, мүрденің мүшелерін алу кезінде дәрігерлер келісім презумпциясына арқа сүйейді.

null 

Соңғы жаңалықтар