Денис Тен мен Алексей Ягудин Алматыда шеберлік сабағын өткізбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлері, Олимпиада ойындарының, халықаралық чемпионаттардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Денис Тен және Алексей Ягудин Алматыда жас спортшыларға арнап шеберлік сабақтарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Спортшылар мамырдың 17-і мен 19-ы күндері «Алматы Арена» мұз сарайында тәжірибиелерімен бөліседі.

«17 мамыр Денис Теннің шеберлік сабағы және жанкүйерлермен кездесуі өтсе, 18 мамыр күні Алексей Ягудиннің шеберлік сабағы болады. 19 мамырда Денис Тен және Алексей Ягудиннің бірлескен шеберлік сабағы өтіп, жас спортшылар өнер көрсетеді», - делінген хабарламада.

Спорттық шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік 20-ға жуық спортшы қатысады. Бұған дейін, Денис Тен Алматыда жас сырғанаушыларға бірнеше шеберлік сабағын өткізіп, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын жан-жақты үйреткен болатын.

Айта кетер жайт, Денис Тен Алматыда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жеңімпазы. Қазір спортшы Мәскеу қаласында тұрады және сонда жаттығады.

Денис Юрьевич Тен - қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы. ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Алексей Константинович Ягудин ресейлік мәнерлеп сырғанаушы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері. 2002 жылдың Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы (1998, 1999, 2000 и 2002 жж.), үш дүркін Еуропа чемпионы (1998, 1999, 2002 жж.), екі мәрте мәнерлеп сырғанаудан Гран-при финалдарының жеңімпазы, кәсіпқойлар арасында екі дүркін әлем чемпионы және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы. Ол АҚШ-тың «Колорадо-Спрингс-тегі» мәнерлеп сырғанаушылардың даңқ залына енгізілген.

Соңғы жаңалықтар