Давостағы форумда Қазақстанның көлік хабы мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі (ҚР ИДМ) Жеңіс Қасымбек Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум барысында Қазақстанның көлік хабы мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ИДМ басшысы форумның «Төртінші индустриялық революцияға дайындық» тақырыбындағы панелдік сессиясына қатысты. Бұл жерде сондай-ақ Марк Бенеф, Билл Гейтс, Джек Ма, Билл Макдермотт, Чак Роббинс және өзге де әлемдік технология саласының ірі тұлғалары бой көрсетті. Сессия қатысушылары «төртінші индустриялық революцияға қалай әзірлену керек, оның қазіргі жұмыс орындарына және жалпы базалық кіріске қатысты әсері қандай?» деген мәселелерді талқылады.

Жеңіс Қасымбектің Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асырып жатқан және алдағы уақытта жоспарлап отырған инвестиция, өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, химия саласында жұмыс істейтін «Enerco Distribuzione», «Glencore», «FT CNBC Nightcap», Evonik AirSpan, Sun Group сияқты бірқатар шетелдік компаниялар мен инвестиция саласындағы ұйымдар басшылығы өкілдерімен кездесуі жоспарланған.

Сондай-ақ, министр перспективалы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша жапонияның «JETRO» инвестициялық агенттігімен,  «Инфрақұрылымдық инвестициялар Азиялық банкі» басшысымен және ЕҚДБ вице-президенті Ален Пилумен келіссөздер өткізеді.

Бұдан бөлек, ҚР Инвестициялар және даму министрі «Нарық капиталын дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тарту» және «Жібек жолының тиімділігі» тақырыбындағы сессияларға қатысады. Онда әлемнің көптеген елдеріне Қазақстанның көлік хабы мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырады.

«Отандық көшбасшылық» ұранымен өтіп жатқан Давос форумы биыл да әлемнің көптеген жоғары лауазымды тұлғалары қатысатын алаңға айналып отыр. Оның ішінде Қазақстанға көрші елдердің басшылары да бар. Мәселен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иранның өнеркәсіп және кеніштер министрі және тағы басқалар. 

 

Соңғы жаңалықтар