Дәрігерлер Ан-28 ұшағы апатынан қаза тапқандардың отбасыларына бір күндік жалақыларын аударды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер Ан-28 ұшағы апатынан қаза тапқандардың отбасыларына бір күндік жалақыларын аударды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Материалдық көмекке қатысты айтар болсам, ең біріншіден, заңнамада авиациямен тасымалданатындардың өмірін сақтандыру қарастырылған. Соған сәйкес қаза тапқандардың барлығына заңмен сақтандыру төленеді. Бұл заңнама талабы. Денсаулық сақтау министрлігі желісінде министрліктің тікелей бюджетінен материалдық көмек көрсетпейміз. Өйткені, мұндай шығыстар қарастырылмаған», - деді ол.

Дегенмен Біртановтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің барлық қызметкерлері өз еріктерімен бір күндік жалақыларын аударған.

«Бұған қоса, еліміздегі барлық дерлік медициналық ұйымдар осындай ниеттері бар екендігін білдірді. Алғашқы күннен-ақ есепшот нөмірін сұрады. Медицина қызметкерлері кәсіподағымен келісімге сәйкес бұл қаражат қаза тапқандардың отбасыларына беріледі», - деді министр.

Сонымен қатар ол ұшақтың апатқа ұшырауын тергеу ісіне бірнеше ведомство қатысып жатқанын айтты.

«Санитарлық авиация ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын өздеріңізде білесіздер. Бірнеше ведомство бағытында тергеу жүргізілуде. Атап айтқанда, ҚР ИДМ ұшулардың қауіпсіздігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірісте адамдардың өлімі бағытында жүргізуде. Сонымен қатар бізде Денсаулық сақтау министрлігінің сапалы медициналық көмек көрсету бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттардың сақталуы жөніндегі ішкі комиссия құрылды», -  деді Біртанов.

Соңғы жаңалықтар