Данияр Елеусінов: Қазақстанның атынан шығу - Отанымды әлемге паш ету

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та кәсіби рингте өтетін өзінің дебюттік кездесуі алдында CPSBOXINGNEWS ютуб-арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

- «Барклайз орталықта» айқасқа шығуды сіз қалай қабылдайсыз?

- Біріншіден, бұл мен үшін дебют. «Барклайз орталықта» рингке шығып, ол жақтағы кеште өнер көрсету - бұл жақсы бастама деген ойдамын.

- Қазір Қазақстандағы көптеген боксшылар кәсіби боксқа ауысып жатыр. Сен үшін Қазақстанның атынан шығу нені білдіреді?

- Қазақстанның атынан шығу - Отанымды әлемге паш ету. Өз елімнің намысын қорғайтынымды мақтан тұтамын.

- Кәсіби бокста қандай әдіс-амалмен рингке шығасыз? Сенің әдісің GGG-дің мексикалық әдісіне ұқсайтын бола ма, әлде өзіндік жолың бар ма?

- Шынымды айтсам, Геннадий мексикалық әдістің боксшысы деп айтпас едім. Менің ойымша, ол өзінің қазақы әдісін ұмытқан жоқ. Тек соққыны көп жасайтын боксқа қарай бейімделіп алды. Мексикалықтар жақын және орта қашықтықты жұдырықтасуды ұнатады. Ал Гена өзіне ыңғайлы әдіс-амалды қолайлы көреді. Сондықтан, мен де өзімнің тактикамды ұстанамын. Әлбетте, мен барлық әдіс-амалды меңгергім келеді.

- Сенің барлық әдіс-амалды меңгергің келетіні мақтауға тұрарлық. Ол саған келешекте көп көмектесері сөзсіз...

- Иә, әрине. Меніңше, кез келген спортшы бір орында тұрып қалмай, әрдайым өзін дамыта білуі керек. Мен Олимпиада чемпионымын, бәрін білемін демеймін. Мен де көп оқып, өткен және осы ғасырдың үздік боксшыларының тәжірибесін жинақтағым келеді. Олардың ең үздік қырларын үйренсем деймін.

- Сен Олимпиада ойындарының алтын медалін иелендің. Қазір кәсіби бокстасың. Кәсіби боксқа қалай жолың түсті?

- Мен Қазақстандағы жетінші Олимпиада чемпионымын, әзірге ең соңғысымын. Алғашында Қазақстандағы екі дүркін Олимпиада чемпионы болу үшін Токиоға барғым келген еді. Екі Олимпиада ойындарына қатысқанымды ескердім де, ақыры Қазақстанда үздік болуды емес, әлемдегі үздік боксшы болуды мақсат еттім.

- Сен осы сенбіде шаршы алаңға шығасың. Емтиханнан өттің делік. Жартылай орташа салмақта кіммен айқасқың келеді?

- Өз карьерамда қалай өсетініме байланысты... Әлбетте, ең үздіктермен - чемпиондармен айқасқан жақсы болар еді. Жеткен кезімде бұл титулдардың кімде болатыны маңызды емес. Спенсте немесе Турманда болсын бәрібір.

- Жартылай орташа салмақтағы сенің дивизионыңда мықты боксшылар көп секілді...

- Иә, бұл менің табиғи салмағым. Сондықтан, басқа нұсқа әзірге менде жоқ.

- Сен Қазақстандағы фанаттарыңа не айтар едің?

- Барлығына сәлем айтқым келеді. Мен үшін тақым қысыңыздар. Әрине, менің жерлестерім маған көбірек қолдау көрсететін болады. Бірақ, осында да жанкүйерлерімнің бар болғанын қалаймын.  

Соңғы жаңалықтар