Былапыт сөйлеген басшы жұмыстан кетуі мүмкін - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық Әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбеков қызметінен босатылуы мүмкін. Мұндай шешімді облыстағы әдеп кеңесінің комиссия мүшелері қабылдады.

 Енді олар бұл ұсыныстарын Әділет министрлігіне жолдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Әділет департаментінің басшысы  Мейрамбек Қаныбековтің  мәселесі әдеп кеңесінде екі сағатқа жуық қаралды. Департаменттегі қызметкерлер басшысын айыптап, оның былапыт сөйлегенін және дөрекілігін, қызметтік бабын пайдаланатынын алға тартты. Бірақ Мейрамбек Қаныбековке қолдау білдіріп, оған ешқандай қарсылық білдірмеген қызметкерлер де болды. Кеңес отырысында комиссия мүшелері  Мейрамбек Қаныбековтың дауысы жазылған аудиожазбаны да тыңдады.

«Құрметті комиссия мүшелері Әділет департаментіне әділетсіз басшы келіпті. Өте өкінішті. Бұл кісі өзінің өрескел мінезімен, ұжымды екіге жаруымен, диктаторлық жұмыс  стилімен,  белден басып шешім қабылдауымен тек облыстық Әділет департаменті, Әділет министрлігі  ғана емес, бүкіл Алматы облысының атына кір келтіріп отыр деп есептеймін», деді Алматы облыстық әдеп жөніндегі кеңестің комиссия мүшесі Әміре Әрін.   

Ал Алматы облыстық әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбеков аудиожазбаға жазылған дауыс өзінікі екенін растады. Бірақ бұл сөздер қарамағындағы қызметкерге емес, өзінің ұлына айтылғанын айтты. Мұны естіген комиссия мүшелері балаңызбен  қалайша осындай деңгейде сөйлесесіз деп сынап тастады.

«ҚР Мемлекеттік қызметі туралы заңының 61-ші бабы, 1-ші тармағы, 8-ші тармақшасына сәйкес Алматы облыстық Әділет департаментінің басшысы Қаныбековке атқаратын лауазымынан босату туралы жөніндегі жаза қолданылсын  деген ұсыныс  дауысқа салу арқылы 100 пайыз шешімін тапты. Әділет министрлігінің жауапты хатшысына ұсынысымызды жібереміз», деді Алматы облысындағы әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Серікбай Нұрғисаев.

Енді Алматы облыстық Әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбековті лауазымынан босату  жөніндегі нақты шешімді Әділет министрлігі  қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар