БҰҰ-да Астана кодексі даярланып жатыр - Әбдірахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана кодексі БҰҰ-ға жолданды. ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, аталған құжатта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық терроризмге қарсы бірқатар бастамалары көрініс тапқан және кодекс терроризмге қарсы күресте бірлесіп жұмыс істеуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Ол құжат терроризмге қарсы, шын мәнінде, күрсуге дайын тараптардың күшін біріктіруге арналып отыр. Қазіргі кезде БҰҰ сарапшылары мен қазақстандық мамандар кодекс бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Аталған құжат алдымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талқысына шығарылады", - деді Әбдірахманов Еуразиялық медиа форумның бүгінгі сессиясында. Аталған отырыс Сириядағы дағдарыс мәселесіне арналды.
Министр кодекстің мазмұнын ашқан жоқ. Себебі бірлескен жұмыс барысында біраз мәселелерді пысықтау қажет. Мәселен, "терроризм" сөзінің нақты анықтамасын, оған жататын топтарды көрсеткен жөн. "Әрине, ең бастысы, саяси диалог орнатқан жөн. Сосын кодекс аясында терроризмге қарсы күресетін мемлекеттердің нақты ұстанымын айқындау қажет. Біз осыны көздейміз. БҰҰ сарапшылары мен Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Астана кодексін мақұлдағаннан кейін аталған құжат қоғамның талқылысына шығарылатын болады", - деп атап көрсетті министр
Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы халықаралық операцияларды өткізуге арналған ортақ кодексті даярлауды ұсынған болатын. "Аталған құжаттың негізінде терроризмге қарсы жаһандық коалицияны құруға болады. Ал БҰҰ соның бастамашысы болды", - деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар