Бурабайда суға батып кеткен екінші бойжеткеннің мүрдесі табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Кіші Шабақты көліне батып кеткен екінші бойжеткеннің мүрдесі табылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, мүрде бүгін сағат 12.36-да табылған. Еске салсақ, қайғылы жағдай туралы куәгер Астана тұрғыны Ұлан Әбішев әлеуметтік желіде хабарлаған.

Оның айтуынша, екі бойжеткен мен бір жасөспірім өмірі үшін арпалысқан. Күрт көтерілген желден олардың үрлемелі матрастары аударылып кеткен. Бірнеше жас көмекке ұмтылды. Тек ер баланы ғана алып шығып үлгерді. Өкінішке орай, бойжеткендерді құтқару мүмкін болмады. Жастар жағаға шығып, құтқарушыларға хабарласты, олар бір әрең сағатта жетті.

«Құтқарушылар келгенше дәрменсіз күйде әр қараңдағаннан үміт күттік. Әйелдер мен балалар көз жастарына ерік берді. Бұл ретте көлде кезекшілер, қайық, құтқару жилеттері болмады», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасына.

Кейіннен хабарламаға ТЖК ресми өкілі жағажай шомылуға арналмаған, сондықтан ол жерде құтқарушылардың болмағанын атап өтіп, пікірін білдірді.

Соңғы жаңалықтар