Бүгін Талдықорғанда 4 мыңнан аса ағаш отырғызылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанда 4 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Ауқымды шара «Бақ қала» акциясы аясында жүзеге асты. Игі іске шаһардың 8 мыңнан астам тұрғынымен қатар облыс әкімі де ат салысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас емен, шаған, қараған, қайың,  тұтқұлақ сияқты ағаш түрлері енді қаланың саябақтарына, аулалары мен көшелеріне көрік беретін болады. Тал егу жұмыстары «Шығыс» шағын ауданындағы жаңадан жасалған «Көктем» гүлзарында, Қаратал өзенінің жағалауында, «Жастар» саябағында, қалалық көп салалы аурухана ауласында және қаланың басқа да жерлерінде жүргізілді. Сенбілік барысында  Амандық Баталов қаланың көркейту жұмыстарына ерекше көңіл аударып, қала басшылығы мен тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Мәселен, «Көктем» гүлзарына гүлдер егіп, ландшаф дизайнымен жұмыс істеу қажеттігін айтты. Көк өсіндерді суару тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Ағашты отырғызғаннан кейін оның күтіп-баптау ісіне ерекше назар аударылуы тиіс.

Биыл қала аумағына 6 мың түп ағаш көшетін егу жоспарланған. Шаһарды  көгалдандыруға және жасыл желекті күтіп ұстауға 75 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Айта кетелік, былтыр басталған «Талдықорған - бақ қала» акциясы  аясында қала аумағына 25 мың түп көшет егілген. Оның 5 мыңы алма ағашы болатын. Бүгінде жеміс ағаштарының 75 пайызы тамырланып, өсіп тұр.

Соңғы жаңалықтар