Бөрлі ауданында 18 адам өз ісін кеңейту үшін 109,2 млн теңге несие алды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Бөрлі ауданында нақты жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Әсемгүл Есқайырованыңң айтуынша, бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша республикалық бюджеттен 39,779 млн теңге бөлінген болатын. Барлығы 228 адамды қысқа мерзімді кәсіби оқыту жоспарланса, соның 145-і оқуға жолданған. Ал 30 адам кәсіби оқуға жіберілген. Бұл мамандықтар арасында автокад, 1С бухгалтерлік есеп, іс жүргізуші, тәрбиешінің көмекшісі, дәнекерлеушілер, аспаздар, шаштараздар және басқалар бар.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша биыл екі адам өз ісін ашып, кәсіпкерлікті қолға алды. Ал 18 адам өз істерін кеңейту үшін республикалық бюджеттен 109,2 млн теңге несиеге қол жеткізді.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту да назардан тыс қалған емес. Жыл басынан бері аталмыш орталыққа 1 897 адам жұмыс іздеуші ретінде жолыққан болатын. Барлығы 1 468 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылса, соның ішінде 985-і тұрақты жұмысқа орналасты, әлеуметтік жұмыс орындарына 44 адам жолданды. Жастар тәжірибесінде 114 адам жүр. Ал 288-і қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта 274 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

Жастар тәжірибесіне қабылданып, кейін сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалып жатқандар да бар. Солрдың бірі - Ксения Сливная. «Бөрлі ауданы бойынша салық басқармасына жастар тәжірибесімен келіп, қазір жетекші маман болып жұмыс жасап жүрмін. Бұл жерде үйренетін нәрсе көп. Маған мекеменің қызметі ұнайды. Әрі менің мамандығыма сәйкес келеді. Ақсайдағы Батыс Қазақстан инженерлік-экономикалық колледжін бітірдім. Жұмыспен қамту орталығы осында жастар тәжірибесі бойынша жолдаған болатын. Екі ай өткен соң бос орынға конкурс жарияланғанын көріп, тест тапсырып, әңгімелесуден өтіп, мемлекеттік қызметке қабылдандым. Барлық оқу бітірген түлектерге жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасуға кеңес беремін. Өйткені бұл мамандық бойынша тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік береді», - дейді жас маман. 

Бөрлі ауданы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары Ермек Алғазиев жыл сайын бұл мекемеге 15-20 шақты жас маман жастар тәжірибесі бойынша қабылданатынын айтады. «Мекемеде төрт бөлім болса, солардың басшылары жас мамандардың жұмысын қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Бізге қажетті маман бола алатын жастарды өздері таңдап, ұсынады. Әрине, ол үшін жас мамандар өздерін жақсы жағынан көрсетіп, жаупкершілігі мол, еңбекқор болулары қажет. Бос орындар үшін өтетін конкурстар жөнінде тәжірибеге келген жастарды хабардар етіп отырамыз. Өздерінің жұмысын ұнатқандар тест тапсырып, сертификатын алғандар мемлекеттік қызметке өтеді. Жастар тәжірибесіне қатысушылар арасында Ксения Сливная жақсы дайындалып, сұрақтарға да ойдағыдай жауап беріп, ең жас маман ретінде жұмысқа кірді. 2015 жылы жастар тәжірибесімен келген Айдана Оразғалиева деген жас маманды жұмысқа қабылдаған едік. Біздің мекемеде түрлі жағдайларға байланысты, мәселен, қоныс аудару, басқа жұмысқа ауысу немесе зейнеткерлікке шығу сияқты түрлі себептермен бос орындар болып тұрады. Сондықтан алдағы уақытта да жастардың еңбекке орналасуына мүмкіндік бар», - деді Ермек Алғазыұлы. 

Аудан орталығындағы Ақсай техникалық колледжінде аспаздың 3 айлық курсын оқыған жанның бірі - Айжан Ғалымова. Негізгі мамандығы басқа болса да, өзі ұнатқан кәсіптің қыр-сырын меңгеруге бел буған екен. «Негізі өзіме тамақ пісірген ұнайды. Ылғи да мейрамхана, кафелерде аспаз болып еңбек еттім. Менде аспаз деген арнайы құжат жоқ. Қыздардан осы бағдарлама жөнінде естіп, арнайы білім алуды жөн көрдім. Үш ай оқып, емтихан тапсырдым. Бұл бағдарлама өте жақсы, тиімді. Көп нәрсеге үйретті», - деген Айжан Ғалымова болашақта осы сала бойынша жоғары білім алуды жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, биылғы 9 ай ішінде тіркелген заңды және жеке тұлғалармен жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ іске қосылған өндірістерді кеңейту есебінен 843 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жоспарланғаны - 331 орын. Сонымен қатар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында ашылатын жұмыс орындары артығымен орындалған (115).

Соңғы жаңалықтар