БҚО-ның жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО денсаулық сақтау саласы 21 жаңа автокөлікпен толықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Соның жетеуі Орал қалалық жедел жәрдем стансасына берілсе, қалғандары аудандарға аттанады.

Жаңа автокөлік кілттерін тапсыру рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, оларға денсаулық пен бақыт тіледі. Жергілікті бюджет қаржысына алынған жаңа автокөліктер дәрігерлер мен фельдшерлерге науқасқа тез жетуге мүмкіндік береді. Өңірде қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жедел жәрдем қызметін жаңғырту бағытында да жұмыстар жасалуда. Диспетчерлік қызмет автоматтандырылып, қалалық жедел жәрдем стансасы базасында ситуациялық орталық құрылды. Орталық қала ғана емес, әр ауданда бригаданың қайда жүргенін бақылап отырады.

Қалалық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Гүлнәр Жұмағалиеваның айтуынша, күн сайын 24 бригада жұмысқа шығады. Кешкісін қосымша тағы алты бригада қосылады. Кешкі 20.00-ге дейін алты қалалық емханада өздерінің бригадалары да жұмыс жасайды. Қазір стансада 40 жедел жәрдем көлігі бар, бұл қала мен оған қарасты кенттерді қамтуға мүмкіндік береді. 

Соңғы жаңалықтар