БҚО-ның бірқатар аудандарында діни-ақпараттық жұмыстар нашар жүргізілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында діни-ақпараттық жұмыс деңгейі төмен болып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтің төрағалығымен өткен БҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің мәлім еткеніндей, тұрғындар арасында теріс діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастырумен басқарма жанындағы дін мәселелерін зерттеу орталығы, ақпараттық-түсіндіру топтары, үкіметтік емес ұйымдар айналысуда. Облыста 213 адамды қамтыған 14 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жасайды. Биыл жыл басынан бері 102070 адамды (соның 18747-сі - жастар) қамтыған 1382 шара (461-і жастарға қатысты) өткізілді. 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша 47,8 млн теңгеге бір жоба жүзеге асырылмақшы. Жобаға сәйкес 51 мың тұрғынды қамтитын 30-дан астам ауқымды шара өткізу көзделуде. 

Түрлі форматтағы шараларды өткізуде Жәнібек, Тасқала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандарында белсенділік төмен. Сол секілді ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын бағалау бойынша жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде Жаңақала (28 пайыз), Теректі (27,5 пайыз), Жәнібек пен Бөкей ордасы (25 пайыздан) аудандары төмен көрсеткіштер көрсетіп отыр. Оның үстіне Бөкей ордасы, Жаңақала, Шыңғырлау және Қазталов ауданында дін мәселесімен айналысатын арнайы үкіметтік емес ұйым мүлдем құрылмаған. Ғаламторда жарияланатын материалдар саны жөнінен Шыңғырлау, Тасқала, Бөкей ордасы аудандары артта келеді.
null 

«Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру бағытында ауқымды міндеттерді алға қойғаны белгілі. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын да ширатуға тура келеді. Әдетте мұндай топтар аудандарға барғанда, үнемі белгілі бір аудиториямен жұмыс жасайды. Қандай жиын болсын, сол адамдар отырады. Әңгіме нақты айтылуы тиісті ортаға неге бармайды ондай топтар? Теріс ағымдарға жол бермеу үшін барлық ауылдар қамтылуы керек. Бұған теолог, психологтармен бірге дін, қоғамдық ұйымдар өкілдері белсене араласып, сүбелі үлес қосуы тиіс», - деді Арман Өтеғұлов.
null 

Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде заман талабына сай жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыру бағытында «Дінтану негіздері» курсы 1 сағат апталық жүктемесімен енгізілсе, 2016-2017 оқу жылында факультативтік курс атауы «Зайырлылық және дінтану негіздері» болып өзгертілді. Облыста бұл курспен 310 жалпы орта және негізгі білім беру ұйымдарында 5367 оқушы қамтылып, барлығы 343 мұғалім сабақ береді. Өңірдегі білім беру ұйымдарын күзетпен, қазіргі заманғы қауіп дабылы және бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыс атқарылуда. Қазіргі кезде 642 білім беру мекемесінде 5066 бейнекамера орнатылған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен өткен жылы 233879 мың теңге бөлінді. Биыл Зеленов ауданы Дариян ауылындағы қазақ және орыс мектептерінде бейнебақылау камераларын орнату үшін 400 мың теңге қаралды.  2017 жылдың ақпан айында Logitex  ЖШС пилоттық жоба ретінде дарынды балаларға арналған  мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы  №11 облыстық қазақ мектеп-интернат  кешеніне 4 турникет орнатты. Сонымен қатар аталған мектепке қосымша бейнебақылау камераларын орнату үшін 5 млн теңгені бөлу ойластырылуда.

Білім беру бөлімдерінің мәліметтері бойынша міндетті мектеп формасын сақтамай, 118-і орамал тағып, алтауы хиджабпен келіп отырған оқушылар бар. Бұл бағытта дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. «Дегенмен оқушылардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ата-аналармен жұмысты ширатумен бірге «Зайырлылық және дінтану негіздері»  пәнін 9-сыныптан емес, 7-8-сыныптан бастап қолға алу керек. Сонда оның тиімділігі, балалардың қабылдауы артады. Облыстық дін басқармасымен бірлесе отырып, аталмыш пән мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, соңғы тәжірибелік ақпараттармен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына мектеп психологтары қатыстырылса, дұрыс болар еді. Оқушылар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастарды отаншылдық пен діни тағаттылыққа шақыру ісі де бәсеңдемеуі керек», - деді А.Мыңбаева.
null 

Отырыс соңында талқыланған мәселе бойынша басқа да ұсыныс-пікірлер айтылып, тиісті хаттама қабылданды.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері діни қарым-қатынастар саласында облыс бойынша 20 заңбұзушылық дерегі тіркелген.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар