БҚО дене шынықтыру басқармасының экс-басшысы 5 жарым жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Шаяхметов ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағына сәйкес (билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану) айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ол жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, Т.Шаяхметовке бастапқыда ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлімі 3-тармағы (алдын ала сөз байласып, адамдар тобы болып лауазымды қызметкердің пара алуы) және 189-бабы 3-бөлімі 1, 2-тармағына (сеніп тапсырылған мүлікті рәсуалау және жымқыру) сәйкес айыптар тағылған болатын. Сот кезінде Т.Шаяхметов прокурормен процессуалдық келісімге келуге дайын екендігін мәлімдеді, алайда тараптар жазалау шарасы жөнінде ортақ тоқтамға келе алмады. Сот жазалау бабын өзгертуді ұсынған мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескерді.

Т.Шаяхметов мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне өткен жылғы 3 тамызда тағайындалған Т.Шаяхметов сол жылдың 14 желтоқсаны күні пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін оның делдал арқылы облыстағы барлық спорт мектебі директорлары мен аға бапкерлерінен Астанаға жылдық есеп тапсыру үшін керек деген желеумен пара есебінде ақша алғаны белгілі болды. Сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған 1,475 млн. теңгені жымқырған.

Соңғы жаңалықтар