БҚО-дағы мұғалімдердің тамыз кеңесінде үздіктер марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық қазақ драма театрында «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 - білімнің үлесі» деген тақырыпта ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесі болып, онда сала қызметкерлері алдында тұрған басты мақсат-міндеттер жөнінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Кеңеске қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан білім беру саласына ұдайы көңіл бөлініп келеді. Қазақстандағы жаңару үрдістеріне сәйкес қазіргі таңда мектептерде IT-технологиясын қолдану да ерекше маңызға ие болып отыр.



Мысалы, облыстағы 133 мектеп робот технологиясымен қамтылса, 92 білім ошағы «Күнделік» жүйесіне қосылып, журналдар электронды түрде толтырылуда. Салаға бөлініп жатқан қомақты қаржының қайтарымы болуы керек. Өңірде тоғыз бірдей білім ошағы салынып жатса, соның төртеуі «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес бой көтеруде. Соңғы жылдары ауылдан қалаға көшіп келушілер саны көбейгені белгілі. Соған сәйкес Орал қаласында да жаңадан мектептер тұрғызылуда.



Сонымен қатар ауылдағы білім ошақтарын да ұмытуға болмайды. Яғни ауыл мектептерін қаладағымен теңестіру бағытында оларды кең жолақты ғаламторға қосу, озық технологияларды енгізу сияқты жұмыстар жалғасады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, өскелең ұрпақтың өз өлкесінің өткені мен бүгінін біліп өсуі, олардың туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыру бағытында да көптеген істер атқарылуы тиіс.



Кеңес отырысына сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов қатысып, жаңартылған білім мазмұнын енгізуге байланысты алда тұрған міндеттер жөнінде әңгімелеп берді.



Жиын барысында облыстық байқаудың қорытындысы нәтижесінде «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласындағы №4 орта мектепке қаржылай сыйлық берілді. Республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары, №34 «Балбұлақ» бөбекжайының тәрбиешісі А.Сағидуллина, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің геогрофия пәнінің мұғалімі А.Сидарова, Орал ақпараттық технологиялар колледжі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы М.Аққалиев арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар бір топ сала қызметкерлеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері де табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар