БҚО-да сыбайлас жемқорлықпен күресте арнайы жоба жүзеге асырылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан жиында өңір басшысы Алтай Көлгінов: «Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаның бесінші бағыты ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіріп, азаматтардың тікелей қатынасы арқылы жүзеге асырылатын қызмет түрлеріне барынша жаңашылдық енгізу - уақыт талабы. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы бөлетін (субсидиялау) мекемелерде барынша ашықтық болуы тиіс. Сондықтан жемқорлық қаупі бар ондай орындарды барынша бақылауға алу керек. Яғни, нақты процесс кезін онлайн режимде көрсетуді, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдерін де бақылауға тартуды енгізу қажет», - деді.

Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов қадағалау органы профилактикалық жұмысқа арнайы жоба әзірленіп жатқанын алға тартып, оған әрбір қатысушының ұсыныс-пікірі ескерілетінін жеткізді. С.Нұрпейісов: «Цифрлы Қазақстан деп жатырмыз, ендеше, барлық жерде сандық бақылауға көшуіміз керек. Мысалы, ішкі істер басқармасының жұмысына қатысты, дәлірек айтқанда, тергеулер жүргізілгенде, ашықтық жетіспейді. Күдікті тергелетін кабинетте бейнекамералардың болуы қажет», - деді.

Комиссия мүшелері тарапынан: «Барлық деңгейдегі басшылар азаматтарды кестеге сәйкес қабылдағанда, аудиожазба жүргізілуі қажет, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мобильді қосымшалар жасалса да, артық етпейді», - деген бірнеше ұсыныс болды.

Облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура арасындағы бірлескен жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы, мемлекеттік кірістер, мемлекеттік қызмет және ішкі істер департаменттерінің басшылары да қолдап, атсалысатындығын жеткізді.

1 наурызға дейін жобаның пысықталуын тапсырған Алтай Көлгінов басқарма басшылары мен аудан әкімдері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі комиссияның ай сайын өтетін отырысында тыңдалатынын айтты. Бұл жұмыстар қоғамдық кеңес пен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталып, тұрғындардың назарына жеткізілмек. 

Соңғы жаңалықтар