БҚО-да «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес 30 жоба жүзеге асырылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес өңірде «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес 30 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, соның негізгілері - мыналар. Біріншіден, балабақшаға балаларды автоматты түрде бөлудің жүйесі іске қосылды. Қазіргі кезде баланы балабақшаға электронды кезек бойынша жолдауға болады. Балабақша меңгерушілері бұрынғыдай бар бос орынды жасырып, жаба алмайды.

Екіншіден, перзентханада аналар дүниеге әкелген сәбилерін смс-хабарлама арқылы тіркей бастады.

Үшіншіден, медициналық ақпарат жүйесі арқылы емделуші жеке электронды  құжатқа қол жеткізе алады.

Төртіншіден, «Кезекші прокурор» жүйесі онлайн түрінде жұмыс жасайды. Азаматтар осы арқылы қабылдауға жазылып, кеңес алып, қадағалау органына арыз-шағыммен жүгіне алады.

Бесіншіден, «Халықтық бақылау» халықпен кері байланыс жүйесі арқылы тұрғындардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы жақсара түсті.

Алтыншыдан, электронды «Е-КСК» жобасы басталды. Енді тұрғындар бірыңғай есеп орталығы арқылы квитанциялар ала алады. ПИК төрағалары электронды түрде есеп беріп, ашық жұмыс жасайды.

Жетіншіден, заңдылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін полиция экипаждары камералармен жарақтандырылды. «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша өңірде 6 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Биыл мұның саны 7,5 мыңнан асады. Камералар жолдағы, аулалардағы, қоғамдық орындар, соның ішінде мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздікті бақылап отыратын болады.

Сегізіншіден, жер қатынастары саласында облыс жер ресурстарының бірыңғай порталы ашылды.

Тоғызыншыдан, ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында мемлекеттік қызмет көрсететін 22 комиссия онлайн жүйеге көшірілді.

Оныншыдан, Оралда ашылған «Smart Uralsk» орталығында кәсіпкерлер мен азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша 641 қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ «Қолжетімді әкімдік» офисі арқылы қазірдің өзінде тұрғындарға 30 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

«2018-2021 жылдар аралығында ұялы байланыс пен интернет жеткізу жобалары кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақшы. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен тығыз байланыс жасалуда. 92 елді мекенді интернетпен қамту жұмыстары басталмақшы», деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар