БҚО-да күздік бидайдың әр гектарынан 22,8 центнерден өнім алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күздік бидайды ору жұмысы аяқталып келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 72,43 мың га жерге күздік бидай егілсе, соның 70,07 мың гектары жиналып алынып, 159,70 мың тонна өнім алынып, әр гектарға 22,8 центнерден айналды. Өткен жылы 45,06 мың гектар алқаптан 124,33 мың тонна (әр гектарға 27,6 центнерден) өнім жиналған еді. Яғни биыл күздік бидайдың көлемі өскендіктен, өнім көлемі де көбейіп отыр. Бұл күздік бидай егудің тиімділігін көрсетеді.

Облыста сол секілді жаздық дақылдарда ору жұмысы басталып кетті. Биыл 174,66 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілсе, соның әзірге 21,76 мың гектарынан (12,5 пайызынан) әр гектарға 11,9 центнерден өнім алынуда. Өткен жылы 168,38 мың га алқапқа жаздық дақылдар егілген болатын.

Облыстағы ең астықты аудан Зеленов екендігі белгілі. Биыл бұл ауданда 41,55 мың гектар күздік бидайдан әр гектарына 24,6 центнерден өнім алынды. Оған қоса 91,79 мың гектарға егілген жаздық дәнді дақылдардан әзірге гектарына 14 центнерден айналуда.

«Биылғы егін шығымы өткен жылғы деңгейде. Жаздық дақылдарды да бір айдай уақыттың ішінде жинап алсақ дейміз. Сонымен қатар күздік бидай егу жұмыстары қоса жүргізілетін болады. Биыл 80 мыңдай гектар алқапқа күздік бидай егу жоспарлануда», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне басқарма басшысы Берік Есенғалиев.

Соңғы жаңалықтар