БҚО-да биыл 13 елді мекенге газ жеткізілмек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 3,5 мың тұрғыны бар 13 елді мекенге газ жеткізілмек. Өңірдің газбен қамтылу көрсеткіші 94 пайызға жетіп, 597,2 мың тұрғын «көгілдір отынды» пайдаланбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 2018 жылы 9,3 мың тұрғыны бар тағы 22 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Биыл Сырым ауданында 6 елді мекенге (1,5 мың тұрғын) газ тарту жұмысы мәреге жетеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 109,0 млн. теңге қаралған. Сол сияқты шалғайдағы Бөкей ордасы ауданының 11 ауылына газ тарту жұмыстары басталады. Бұған республикалық бюджеттен 500 млн. теңге берілді. Оған қоса Ақжайық ауданының 11, Жәнібектің 2, Жаңақаланың 4 елді мекенін газдандыруды бастау үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.

Республикалық бюджет есебінен 2015 жылдан бері Орал қаласындағы жылу-қуат орталығына газ жеткізетін құбырға қосымша резервтік құбыр тартылып жатқаны белгілі. Бұл жоба биыл іске қосылады.

Айта кетейік, 2008-2016 жылдары облыстағы 138 елді мекенге газ құбыры тартылды. Бұған 22 млрд. астам теңге жұмсалды. Күні бүгін өңірдің газбен қамтылуы 93,4 пайызды (593 мың адам) құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар