БҚО-да азаттықты аңсаған жастар туралы қойылым көрсетілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «14» реквиемінің премьерасы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында 1940-1941 жылдары «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы жасырын қызмет етіп, оның жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов ату жазасына кесіліп, қалғандары түрлі мерзімге сотталған болатын. Осы оқиғаға орай батысқазақстандық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты туындысын режиссер Мұқанғали Томанов сахналады.

Қойылымды қою барысында осы тақырыпты арнайы зерттеп, облыста алғаш көтерген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин кеңес берсе, суреттерін Мұрат Мәмбетов салды. Ғұбайдолла Әнесовтің рөлін театрдың жас әртістерінің бірі Жасқайрат Валиуллиев сомдады. Ғ.Әнесовке жол сілтеген Сатымовтың бейнесінде Айдар Жарылғапов көрінсе, Сталинді мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев шығарды. Сол секілді Сейітқали Бажекеновті Жылқыбай Жұбатов, Сатқали Молдағалиевті Жамбыл Заев, Қайырғали Сапаралинді Салауат Түменов сахналады.

Спектакльде он төрт жалын жастың қазақ халқына азаттық алып бермек болған ой-жоспарлары мен астыртын іс-әрекеттері, сол үшін түрмеде азапталған сәттері айқын көрініс тапқан. Арасында он бесінші болып сатқын Ғабиден Қолбасов (әртіс Асылжан Жакин) та жүр. Соңғы сөзінде «Қазақ халқы бәрібір бостандық алады» деп кеңестік озбыр саясатқа қасқая қарсы тұрған Ғұбайдолла Әнесов бірден атылса, айыбын мойындамаған Қайырғали Сапаралин Оралдың түрмесінде қаза тапқан. Бес жылға сотталған Мәззап Әлиев пен Мәннап Ахметов Ақтөбенің еңбекпен түзеу лагерінде көз жұмды.

Он жылға сотталып, кейін жер аударылған Сейітқали Бажекенов туған жеріне аяқ баса алмай, өмірінің соңына дейін, яғни 1999 жылға дейін Өскемен қаласында тұрды. Жалпақталдық жастар ұйымының жарыққа шығуы үшін қолы жетер жерлердің бәріне барып, жанын салған, міне, осы азамат еді. 10 жылға сотталған Сатқали Молдағалиев та 2003 жылға дейін өмір сүріп, ұйым мүшелерінің ақталып, олар туралы Аманкелді Шахиннің «Сол бір сүргін» атты кітап шығарғанын көріп кетті. Сондай-ақ алды 10, соңы 5 жылға сотталған Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Иманғали Насыровтың есімі енді тәуелсіз ел тарихында құрметпен аталары сөзсіз.

Премьера соңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева мұндай қойылымдардың, әсіресе, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі орны ерекше екендігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар