БҚО-да алиментке қатысты жобасы аясында 126 млн теңге өндірілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы өткен жылдың қазанынан бері қолға алған «Алимент төлеуден жалтарудан 30 қадам» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 786 өндіріске қатысты атқарушылық іс мәреге жетіп, соның нәтижесінде 126 млн теңге өтелді. Бұл туралы облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша алимент 264 борышкердің жалақысынан ұсталды. БҚО әділет департаменті мен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының бірлескен жұмысы нәтижесінде 80 адам әкімшілік, 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, барлық іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылды. Сонымен қатар алимент төлеуге тиісті адамдардың міндеттері мен құқықтарын түсіндіру, борышкерлерді жұмыспен қамту, жалғызілікті аналардың жәрдемақы алуына көмек көрсету бағытында жұмыстар жүргізілуде.  Мысалы, биыл борышкерлер үшін екі рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 6 адам еңбек орнын тапты. 13-і жұмыссыз ретінде тіркеуге қойылып, 23-імен әңгімелесу белгіленді.

Барлық атқарушылық өндірісті тексеру барысында 550 борышкердің тұрақты табысы, 487-сінің меншігінде тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлкі бар екендігі белгілі болды. 20-дан астам өндіріс нақты деректермен сәйкестендірілді. Қазіргі таңда аталған адамдарға қатысты олардың жалақысынан және мүлкінен алиментті өндіру бағытында шаралар алынуда. Соның ішінде ауылдық жерде тұратындардың арасында тұрақты кірісі болмаса да, олардың иелігінде ірі қара бар екендігі мәлім. Сол малдың есебінен алимент өндіру тәжірибесі өңірде алғаш рет қолға алынды. 

Соңғы жаңалықтар