БҚО-да әкімдер тұрғындар алдында есеп беруде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында әкімдер тұрғындар алдында есеп беруде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, күні бүгін жоспарланған 185 кездесу өтіп, оған 7972 тұрғын қатысты. Әзірге ауылдық округ әкімдері есеп беруде.

Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 413 есеп беру кездесулерін өткізу көзделуде. Соның ішінде ауылдық округтердің елді мекендерінде 246, округ орталықтарында 153 жиын, Орал қаласы мен аудандар әкімдерінің және өңір басшысының 14 есептік кездесуі бар.

Өткен жыл қорытындылары сараланып, алдағы мақсат-міндеттер пысықталатын кездесулерге жергілікті атқарушы органдар өкілдері, мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысуда.

Айта кетейік, алдын ала мәліметтер бойынша облыс әкімі Алтай Көлгіновтің есептік кездесуі 17 ақпанда Оралдағы теннис орталығында өтпекші. Сол секілді Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев 14 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында есеп бермекші.

Соңғы жаңалықтар