БҚО-да 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші сынақтан өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 3126 мемлекеттік қызметші тестілеуден өтті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, соның ішінде үшеуі ғана тапсырмаларды орындай алмаған. Мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау 1 шілдеге дейін жалғасады, қорытындысы да сол кезде шығарылатын болады.

Биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша облыста 461 мемлекеттік орган тіркелсе, олардағы штат саны - 4444. Соның ішінде жеті адам саяси қызметші болса, «А» корпусы лауазымы - 19, «Б» корпусына жататындар - 4418.

Жыл басынан бері мемлекеттік органдар 364 бос әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымдарына конкурстар өткізген. Жалпы конкурс 209 бос лауазымға өткізілді. Оған қатысқан 485 үміткердің 197-сі мемлекеттік қызметке кірісуге мүмкіндік алды.

Биыл 396 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланса, қазірдің өзінде 210-ы немесе 53 пайызы оқытылды.

«Үш айда 12 тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесінде 112 заңбұзушылық анықталды. Әдеп жөніндегі кеңестің төрт отырысы өтіп, 25 мәселе, 15 тәртіптік іс қаралды. 11 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс жасалса, соның жетеуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа барған, төртеуі Әдеп кодексін бұзған», деді Б.Исақов.

Соңғы жаңалықтар