БҚО әкімі көктемгі су тасқынын қапысыз өткізуді тапсырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны негізінен қалыпты өтуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновке БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, ТЖ жасағы демалыс күндері Быковка, Рубежка өзендері мен Орал қаласы төңірегіндегі Ветелкиде болса, қазір Зеленов ауданындағы Хамино, Қазталовқа қарасты Жалпақтал ауылдары бақылауға алынған. Қараөзен суының көтерілуіне байланысты Жалпақтал ауылында бес үй бөлініп қалған, соған байланысты ТЖ қызметкерлері тұрғындар мен балаларды күн сайын қайықпен тасымалдауда.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес  БҚО ТЖ департаментінің бастығы көршілес Орынбор облысының бірінші вице-губернаторы, сол өңір үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Сергей Балыкинмен кездескен. Ресейліктердің сөзіне қарағанда, олар Жайық өзеніне келетін негізгі суды Ирикла су қоймасынан емес, Бұзұлықтан күтуде. Биылғы қар қоры өткен жылғыдан едәуір аз.

«Қазсушар» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша Орынбордағы Ирикла су қоймасынан қазір секундына 25 текше метр (өткен жылы осы уақытта 90 текше метр, алдыңғы жылы 30 текше метр) су жіберілуде. Ал Саратов облысы Александров Гай ауданындағы Сарыөзен бойында орналасқан Варфоломеев су қоймасынан су жіберіліп жатқан жоқ.

Алтай Көлгінов көктемгі су тасқынын қапысыз өткізуді, сонымен қатар оны ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланып қалу шараларын алуды тапсырды. Осыған орай ТЖ департаментінің бастығы Ж.Жұмашев таяу күндері Қазталов пен Жаңақала аудандарына жұмыс сапарымен барып, Қараөзен мен Сарыөзендегі жағдайды көзбен көріп, мәлімдейтін болды. Басқа да өзен-сулар жіті бақылауда болмақ. Мысалы, Деркөл өзенінде су көтеріліп, соның әсерінен Шаған толықты. Ал өңірдің бас өзені Жайықтың тасуы әдеттегідей мамырдың басы емес, сәуірдің аяғында болады деп күтілуде. Мұндағы қауіпті мөлшер 8 метр болса, биыл шамамен 600-ден 650 сантиметрге дейін көтеріледі деп болжануда. 

Соңғы жаңалықтар