Биыл Қостанайда 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанайға елдің басқа өңірлерінен 300-дей отбасы қоныс аударады. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарма басшысы биыл облысқа жұмыс күші мол аймақтардан 272 отбасы (1118 адам) және 25 оралман отбасы (125 адам) көшіп келетінін айтты. Бүгінгі таңда қандастарды қабылдау квотасы бөлінді, оларға тиісті жәрдем жасалмақ.

«Жұмыс орындарын құру, соның ішінде тұрақты еңбек етуге күш жұмсау үнемі назарымызда. Биылға жоспарланған он мыңнан астам жұмыс орнын құру 18,3% орындалып отыр. Үкіметпен жасалған меморандум бойынша 7,5 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған, қазір орындалғаны - 1110 орын. Ал халықты кешенді жоспар аясында жұмысқа тарту жағынан Рудный, Арқалық қалалары мен Меңдіқара ауданы көш бастап тұр», - деді Г.Әбенова.

Қазіргі таңда тұрғындарды мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша жұмысқа орналастыру маңызды мәселе болып отыр. Биыл бұл бағыт бойынша 266 жоба арқылы 1114 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, әзірге үш адам ғана жұмысқа орналасқан. Басқарма басшысы мұны мемлекеттік сатып алу байқауларының енді ғана жүргізіліп жатқанымен түсіндірді.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселелеріне ширай түсуді тапсырды.

«7,5 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастыру оңай емес. Сондықтан жан-жақты мүмкіндіктерді қарастырыңыздар. Құрылыс, жол, басқа да жылдың жылы мезгілінде орындалатын мердігерлік жұмыстар бар. Оларды тұрақты деп айтуға келмейді, уақытша жұмыс. Шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын тұрақты деп толық айта аламыз. Міне, осы жағына мән беріңіздер», - деді А.Мұхамбетов.

Белгілі болғандай, биыл нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуға 8,5 мыңнан астам адам өтініш білдірді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша мың жарымнан аса адам қысқа мерзімді оқу курстарын меңгеріп шығуға кірісіп кеткен. Ендігі мәселе - оқуын аяқтағандарды жұмысқа орналастыру. Ал биыл Алтынсарин, Аманкелді, Жанкелдин және Науырзым аудандарында тракторшы, дәнекерлеуші, аспаздық мамандықтары бойынша 85 адамды мобильді оқу орталықтары арқылы даярлау қарастырылған. Қазір олардың 42-сі курсты аяқтады.

Соңғы жаңалықтар