Биыл Қостанай облысына 180 млрд теңге инвестиция құйылған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ҚР Тәуелсіздігі күніне байланысты өткізілген жиынға қатысып, түрлі саладағы үздік қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Архимед Мұхамбетов өзінің баяндамасында жылды қорытындылап, жеткен жетістіктерге тоқталды.

«Біздің облыс Елбасының әр бастамасына үлес қосуды әлі де жалғастыратын болады. Өңірде мемлекеттік бағдарламалар жоғары дәрежеде жүзеге асырылып, индустриалды-инновациялық нысандар пайдалануға берілді. Машина жасау, жаңа технологияларды қолдану, өңдеуші өнеркәсіп өрге басты. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы» жобасы бойынша Қостанай облысында тарихи-мәдени мұраны қастерлеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, ғасырға жуық жат елде сақталған, Кейкі батыр бабамыздың бас сүйегі елге қайтарылып, батыр рухына лайықты, сәулетті кесене орнатылды», - деді аймақ басшысы.

Биыл Қостанайда «Туған жер» жобасы шеңберінде жалпы құны 3,0 млрд теңгеден астам жүздеген жоба іске асырылды. Қалалар мен аудандарда жергілікті кәсіпкерлер тарапынан әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары кеңінен қолдау тапты.

null 

«Өндірістік сала 4,1%-ға, ауыл шаруашылығы тауарлары өсімі 3,5%-ға еселенді. Индустрия 4.0 бойынша тау-кен өндірісі саласында да айтуға тұрарлық жетістіктер бар. Мәселен, «Соколов-Сарыбай» кен байыту орнында «ақылды кеніш» жобасы қолға алынды. Индустриаландырудың екінші бес жылдығында 25 ірі жоба іске асырылады. Оның құны - 628 млрд теңге. Барлығы 6 мың жұмыс орны ашылады», - деп мәлімдеді Архимед Мұхамбетов. 

Облыс әкімінің айтуынша, 2017 жылы Қостанай облысына 180 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 21,4 млрд теңгеге артық.

null 

Жиын барысында облыс әкімі биыл үздік нәтиже көрсеткен сала өкілдерін марапаттады. Олардың арасында Тоқтарбай Қадамбаев, Базыл Жақыпов, Аруна Жақсағұлова, Сергей Харченко, Елена Цвентух, Талғат Карбозов сынды тұлғалар бар. Мерекелік кеш театрландырған көріністер, ән-бимен әрленді.

null 

Соңғы жаңалықтар