Бірыңғай жиынтық төлемі: Салықтың жаңа түрі не үшін енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзіне жүктелген жауапты міндеттің бірін іске асыруға кірісті. Үкіметтің соңғы отырысында министр ханым бірыңғай жиынтық төлемінің енгізілетінін жариялаған еді. Аталған төлемнің негізгі мақсаты - өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды, яғни «көлеңкеде жүрген жұмысшыларды» заңдастыру. Әділін айтайық, бұл бастаманы кезінде экс-министр Тамара Дүйсенова көтерген еді. Алайда оны іс жүзінде енгізу міндеті Әбілқасымова ханымға бұйырып отыр екен. Әрине, бірыңғай жиынтық төлемін енгізу үшін халыққа оның тиімділігін жан-жақты түсіндіру бірінші кезектегі мәселе. Онсыз жаңа бастаманы іске асыру оңай емес. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі БЖТ-ның қаншалықты тиімді болатынын сараптап көрген еді.

Ашығын айту керек, әзірше халық арасында жаңа бастаманы қолдаудан бұрын қарсылық басым болып тұр. Оны сайтта, порталдарда шыққан материалдардың соңындағы пікірлерден анық байқауға болады. Оқырмандардың басым бөлігі дерлік бірыңғай жиынтық төлемінің енгізілетініне наразы, пікірлерді сараласақ, онсыз да өз бетімен аз ақша тауып жүргендерге қосымша салық салынғанына қарсылық байқалады. Алайда, пікір жазғыштар ондай төлемнің ерікті түрде төленетінін байқамаған тәрізді. Экс-министр Тамара Дүйсенова осы іспетті бастамаларды халыққа жеткізу оңайға соқпайтынын білген болуы керек. Оның үстіне Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев міндетті медициналық сақтандыру жүйесін келесі жылдан бастап толығымен іске қосуға болатынын жеткізді. Демек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Келесі жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді заңдастырып алу қажет. Онсыз міндетті медициналық сақтандыру жүйесін толығымен іске қосу мүмкін емес. Себебі өз бетімен табыс тауып жүрген азаматтардың жарналары медициналық қорға түспейді. Жарна түспегеннен кейін кейбір медициналық қызметтер үшін шығындалуға тура келеді.

Енді, мынаны қараңыз, жарнаны төлейтін азаматтар барлық медициналық қызметтерді тегін алады. Себебі олардың шығындары медициналық қордың есебінен өтеледі. Ал жарнасы жоқ азаматтар, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер ақша шығарады. Міне, дәл осы жерде әлеуметтік әділетсіздік мәселесі туындайды. Біреулер басқалармен бірдей медициналық қызметті талап етеді. Бірақ жарна аудармайды. Енді, біреулер жарнаны аударып отырса да, басқалардың ешбір жарнасыз тегін медициналық қызметті талап еткеніне қарсы болады. Осылайша, халық арасында наразылық туындауы мүмкін. Осыған байланысты бірыңғай жиынтық төлемін енгізу бастамасы көтеріліп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бір төлеммен төрт бірдей жарнаны жасай алады. Соның ішінде медициналық сақтандыру жарнасы, зейнетақы қорына түсетін төлем, жеке табыс салығы мен  әлеуметтік сақтандыру жарнасы бар. Былайша айтқанда,  өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бір төлемді жасап, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысатын болады. Кәсіптері де тіркеуге алынады. Алайда барлығы бірдей жеңілдетілген салық жүйесіне қатыса алмайды.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемі ең бірінші жеке тұлғаларға қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылыққа, үй жұмыскерлеріне, сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғаларға арналып отыр. Сондай-ақ, бұл төлемнің жалдамалы жұмыс күшін қолданбайтындарға да қатысы бар. Мемлекеттік органдар бірыңғай төлемнің мөлшерін де есептеп шығарды. Жоспарға сәйкес, қала тұрғындары үшін айына бір айлық есептік көрсеткіш (2 405 теңге), ал ауыл тұрғындары үшін 0,3 айлық есептік көрсеткіш (800 теңге) болады. Бірыңғай жиынтық төлемінің 10 проценті жеке табыс салығына, 40 проценті міндетті зейнетақы жинақтау шотына, 10 проценті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына,  қалған 40 проценті медициналық сақтандыру жарнасы ретінде жіберіледі. Бірыңғай жиынтық төлемі алдымен банктер мен терминалдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Мемлекеттік корпорация одан ары тиісті қорларға өзі бөледі. БЖТ жеке тұлғаның тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі - бір ай.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөзіне сүйенсек, бірыңғай жиынтық төлемін аударатындар есеп беруге міндеттелмейді. Тексерістер болмайды, әкімшілік жаза да қолданылмайды. Сосын БЖТ-ға қатысатындар үшін тағы бір шектеу бар. Аталған төлемді жылдық табысы 100 АЕК-тен, яғни жылына 240 500 теңгеден, ал айына - 20 041 теңгеден аспайтын табыс табатын азаматтар ғана төлей алады. Одан жоғары алатындар барлығына бірдей салықтарды төлеуі тиіс. Ендігі мәселе, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың ішінде 20 мың теңгеге дейін жалақы алатындар көп пе? Олардың барлығы бірыңғай жиынтық төлеміне қатыса ма? Сосын 20 мыңнан жоғары табатындарды қалай заңдастырамыз? Бұның барлығын әлі де пысықтау қажет-ақ. Бірыңғай жиынтық төлемі де биыл енгізіле ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Әйтсе де, ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заң жобасын маусым айында Парламент Мәжілісіне енгізуді жоспарлап отыр. Жылдың аяғына дейін ол заң күшіне енеді деген жоспар да бар.

Жалпы, Қазақстанда біреуге жалданып, қора-қопсысын жинап, я болмаса, біреудің үйін тазалап, құрылысын салып, табыс тауып жүрген адамдар аз емес. Қалада шаштараз, бала күтуші, фотограф, музыкант, тамада болып, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер де баршылық. Әрине, олардың жалақысы 20 мыңнан жоғары. Дегенмен, барлығы бейресми қызмет істейтіндерге жатады. Себебі еш жерде тіркелмеген, мемлекетке салық төлеймейді. Мәселен, жылдың басында 2,7 млн азаматтың әлеуметтік мәртебесі анықталмай жатқаны белгілі болды. Ал осы уақыт аралығында 607 мың адамның мәртебесі нақтыланыпты. Соның ішінде 197 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастаған. 12 мың кәсіпкер қызметтерін ресми тіркеген екен. 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды. Дегенмен, әлі де біраз жұмыс жасау қажет, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырудың басқа да жолдарын іздестірген жөн. Әйтпесе, келесі жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін дұрыстап енгізе алмаса, қайсыбір шенеуніктер Президенттің алдында «патамушта-патамушта» деп қалуы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар