Бірқатар облыс әкімдері «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды бұзып отыр - Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар облыстың әкімдері «Ақпаратқа қол жеткіз туралы» заң талаптарын бұзып отыр. Бұл туралы бүгін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 94, 95 және 96-қадамдарын орындау аясында «Ақпаратқа қол жеткіз туралы» ҚР Заңының іске асырылу барысына арналған дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дөңгелек үстеліміздің алдында бірқатар үкіметтік емес ұйым өздерінің бастамасымен мемлекеттік органдардың сұрау салуға қалай жауап беретіндігіне зерттеулер жүргізіпті. Олар 12  облыстың әкімдеріне e-Gov порталындағы блогтары арқылы сұрау салу жіберген. Ал қалған әкімдердің e-Gov порталында блогтары жоқ екен. Осы ретте олардың блогтары әлі күнге дейін неге жоқ деген сауал туындайды», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, сұрау салу жіберілген 12 облыстың тек төртеуі ғана заңға сәйкес жауап қайтарған.

«Осылайша облыстардың 70 проценті сұрау салуға жауап бермеген. Олар ақпаратқа қолжетімділік туралы заңға сәйкес мәліметтерді ұсынуы тиіс еді. Біздің заңнамамызда жауапкершілік көрсетілген. Оны әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізген болатынбыз. Мұнан бөлек, сұрау салу 15 министрлікке жіберілген. Ол жақта жағдай біршама жақсы. 70 процент жауап қайтарған. Дегенмен, 30 проценттің ақпаратқа қолжетімділік туралы заң талаптарын бұзуы да аз көрсеткіш емес», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. 

Осы ретте Мәжіліс депутаты мемлекеттік органдардың ашықтығы қоғамдық рейтингін құруға болатындығын баса айтты.

«Басқа елдердің үкіметтік емес ұйымдарының жыл сайын өз еркімен зерттеу жүргізіп, қоғамдық рейтинг түзетін  тәжірибесін қарап көру керек. Бұл рейтингті жыл сайын жариялап отыруға болады. Көш басындағыларды ынталандыратын сыйақы қарастырған жөн болар еді. Ал аутсайдерлерді тек қана сынайтын боламыз», - деді М. Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар