Билікті асыра пайдаланған ақтөбелік тергеуші сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ІІД, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының тергеушісі Сұлтан Сырлыбайұлы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол күдіктінің баспанасын тінту кезінде үй ішінен табылған ақша мен телефонды иемденіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының тергеушісі Сұлтан Сырлыбайұлы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол есірткі тасымалдаған қылмыскер Асқар Сандыбаевтың пәтерін тінту кезінде әйеліне тиесілі ақша мен ұялы телефонды заңсыз иемденген. Тіпті, қылмыскердің әйелі Альмира Жұмағазинаны «сыбайласы ретінде жауапқа тартамын» деп қорқытқан. Пәтерден тәркіленген ақшаның иемденіп, ұялы телефонды өзі, кейін әріптестері пайдаланғанын бұған дейінхабарлаған болатынбыз.

Бүгін сот үкім шығарды. «Сотталушы Сұлтан Сырлыбайұлы Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымды өкілеттіліктерді асыра айдалану» бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мүлкі тәркіленіп, өмір бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеу мүмкіндігінен, полиция капитаны шенінен айырылсын. Сұлтан Сырлыбайұлы жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтесін. Ол жәбірленушіге 183 мың теңге шығынды қайтаруға міндетті. Сонымен қатар, өз үйін жөндетіп, ақшасын бермеген жәбірленуші Исмайловтың бар шығыны өтелсін»,- деді судья Ербол Әбдіхалықов.

Айта кетейік, судья Ербол Әдбіхалықов үкім оқыған кезде мемлекеттік айыптаушының айыптау қорытындысын өзгерту туралы өтініш түсіргенін хабарлады. Яғни, Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабын «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабына ауыстырып, қайта тергеу жүргізу ұсынысын сот отырысы кезінде прокурор айтқан. Дегенмен, істі қолға алып, жаңа айыптау қорытындысын дайындамаған, тіпті, кезекті сот отырысына прокурор келмей қалған. Судья осы дерекке қатысты облыстық ішкі істер департаментінің бастығы мен облыс прокурорына жеке қаулы шығарды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ. Сұлтан Сырлыбайұлы 15 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады.

Соңғы жаңалықтар