Бейжіңдегі АӨСШК форумында халықаралық проблемалар бойынша Қазақстанның ұстанымы талқыланды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Үкіметтік емес форумы Екінші конференциясының ашылуында Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев қатысушыларды бірқатар халықаралық проблемалар бойынша Қазақстанның ұстанымынан хабардар етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі. 

«Қазақстан 2002 жылы Араб бастамасы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес Палестина-Израиль дауының тез шешілуіне тілек білдіреді. Оның жүзеге асырылуы Таяу Шығыстағы бірлескен бейбіт, өмірдің іргетасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтардың қолданып жатқан шараларын, сондай-ақ диалог пен бітімгерлік арқылы Сирияның саяси болашағын анықтауға бағытталған Сирия билігі мен оппозицияның әрекетін қолдайды. Астанада Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге әзір екендігімізді жеткізгім келеді», - деді ол.

Дипломат Қазақстанның Ауғанстандағы саяси реттеу жөніндегі Ыстанбұл процесі аясында халықаралық қоғамдастықтың бағытын белсенді қолдайтынын атап өтті.

«Біз гуманитарлық көмек желісіне тікелей қатысып, ауған студенттеріне білім гранттарын бөліп, Ауғанстанның тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаржы жұмсап жатырмыз», - деді Нұрышев.

Оның айтуынша, Қазақстан Иран мен халықаралық делдал «алтылық» арасындағы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен қимылдардың жалпы жоспарын қабылдау бойынша келісімдерді қолдайды.

«Иранның бейбіт атом энергетикасын дамытудағы құқығын мойындай отырып, түрлі көмекті, соның ішінде аз байытылған уран банкінің қызметі аясында ядролық жанармай ұсыну мен сақтау мәселесі бойынша көмек көрсетуге дайын. МАГАТЭ қамқорлығындағы аталмыш банктің ашылу салтанаты 2017 жылдың 29 тамыз күні Астана мен Өскемен қалаларында өтеді. Сол күні Халықаралық ядролық сынақтан өткізуге қарсы әрекеттер күні аясында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» табыстау рәсімі өтеді», - деді елші.

Соңғы жаңалықтар