Бейжіңде Қытай мен Қазақстан радиостанцияларының ынтымақтастығы сөз болды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР елшісі Шахрат Нұрышев «Қытайдың ұлттық радиосы» мемлекеттік радиокомпаниясында болды. Онда елші радиокомпания басшысының орынбасары Чжао Чжунинмен және қазақ тілінде хабар тарататын ұжым өкілдерімен жүздесіп, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарының бүгіні мен болашағы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі.

Дипломат қытай аудиториясының Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға деген қызығушылығының арт түскенін баяндады. Сонымен қатар ол қазақ тілінде таратылатын хабарлардың санының артқанына назар аударды (бүгінгі таңда ол тәулігіне 18 сағатты құрап отыр). Сондай-ақ бағдарлама алмасу мен оларды қазақстандық тараппен бірлесіп дайындаудың арқасында эфир құрамы бұрынғыдан да толықтырыла түскендігін жеткізді. Гуманитарлық бағыттағы бірлескен қимылдардың жарқын дәлелі ретінде дипломат «Композитор» атты қазақ-қытай бірлескен жобасын атады. Аталған туынды екі белгілі композиторлар Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі достығын бейнелейді. Фильмнің көрсетілімі 2018 жылдың мамыр-маусым аралығына жоспарланған.

Тараптар жүздесуде «Қытайдың ұлттық радиосы» мен Қазақстан радиостанцияларының «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің құрылысы мен аталмыш жобаның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен байланысын ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстары аясында ынтымақтастығын талқылады.

Радиостанцияның қазақ тілінде хабар тарататын ұжымының өкілдерімен жүздесу барысында елші жиналғандарды ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Атап айтқанда, құжатта Үкімет жұмысының қазіргі таңдағы басым бағыты экономиканың түрлі салаларын цифрландыру болып табылатындығы айтылды.

Радиостанция қызметкерлері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына, латын әліпбиіне көшу процесіне ерекше қызығушылық танытты.

Айта кетейік, Қытайдың Ұлттық радиосы 1949 жылы құрылған. Ол қазақ, ұйғыр, тибет, корей, кантон сияқты тілдер мен диалектілерде 17 жиілікте хабар таратады.

Қазақ радиосының негізі 1971 жылы қаланған, оның әр күнгі эфирі 18 сағатты құрайды.



Соңғы жаңалықтар