Бейжіңде ҚР мен ҚХР теміржол әкімшіліктері Қазақстан аумағымен Қытай-Еуропа транзиттік жүк ағынын өсіруге уағдаласты

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 сәуірде Бейжіңде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Қытай темір жолдарының бас директоры Лу Дунфу кездесіп келіссөз жүргізді.

Тараптар ҚР мен ҚХР теміржол әкімшіліктері арасындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамашылығының даму болашағын талқылады, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қытайдан Еуропаға халықаралық жүк тасымалдауды дамытудың бес жылдық жоспары түзілген. Қазақстан трансқұрлықтық транзиттік тасымалдауды дамытуға белсенді қатысушы болып табылады.

2015-2016 жыл қорытындысында Қытайдан Еуропаға халықаралық контейнерлік тасымалдаудың бірнеше есеге артқандығы байқалды.

2016 жылы 104,5 мың ЖФЭ жетті. 2020 жылдары Қытай-Еуропа транзиттік контейнерлік тасымал көлемін 800 мың ЖФЭ жеткізу көзделіп отыр.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігін пайдаланудың 2016 жыл мен биылғы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы қаралды. Өткен жылы ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы 16,6 пайызға өсіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 миллион тоннаға артық болса, биылғы жылы бұл мөлшерді 10 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Қ. Алпысбаев контейнерлік жүк ағынын Алашаңқай-Достық мемлекетаралық шекаралық өткелден Қорғас-Алтынкөл арқылы «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА Құрғақ портында өңдеуге бағыттау шарасы туралы хабарлады.

Келіссөздер нәтижесінде Қытай-Еуропа бағдарында контейнерлік пойызды ұйымдастыру, сонымен қатар 2017 жылы мамырдан бастап «Астана -Алтынкөл» бағдарымен «Тұлпар- Тальго» ЖШС вагондарынан жасақталған жүрдек жолаушылар пойызын ЭКСПО-2017 халықаралық көрме аясында ұйымдастыру бойынша Келісімге қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар