Бердібек Сапарбаев газ бағасын реттеуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста өңірдегі оқтын-оқтын болып қалатын әлеуметтік сұйылтылған газ тапшылығының себебін анықтады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов сұйылтылған газбен қамтудың ағымдағы жағдайы туралы мәлімдеді.

Сонымен сұйылтылған мұнай газының көлемін бөлу комиссиясының  квотасына сәйкес тамыз айында өңір 7700 тонна газ алатын болса, оның  6800 тоннасы - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на, 900 тоннасы - «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не тиесілі.

Қазіргі таңда облыста 95 газ құю бекеті жұмыс жасайды, оның ішінде 53-і Ақтөбе қаласында, 42-сі аудандарда. Соңғы бес айдың ішінде 22 газ құю бекеті ашылды. Облыстың газға деген күн сайынғы қажеттілігі 240 тоннаны құрайды.

Қ.Бекеновтың айтуынша, айдың басында газ құю бекеттерінде байқалған сұйық газ тапшылығы газға өткен автокөлік құралдарының көбеюіне байланысты. Қазіргі таңда осындай автокөліктердің 34 225-і тіркелген, орташа қажеттілік айына 7597 тоннаны құрайды. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметіне газ құрылғысы бар тіркелмеген автокөліктерді анықтау бойынша рейд жүргізу ұсынылды. Бұл сұйық газға деген қажеттілікті нақты есептеуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүргізілген сараптамаға көңілі көншімей, сонымен қатар, әлеуметтік газ бағасын белгілеуге қатысты сауалды да көтерді.

«Ай басталса болды, бізде мәселе шығып қалады. Халық газ құю бекеттерінде газдың жоқтығына, кезекке тұратындарына      шағынады. Демек, сіздер жұмысты дұрыс реттей алмағансыздар және осы мәселені шешуде араларыңызда өзара әрекет ету жоқ,-деді облыс әкімі басқарма басшыларына, сонымен қатар, отынды жеткізумен және сатумен айналысатын компания өкілдеріне тигізіп айтқан сөзінде.

Сондай-ақ әкім баға белгілеуге байланысты мәселе көтерді.

«Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап сұйылтылған  газдың бір литрі Ақтөбе қаласында 49 теңгеден, облыс аудандарында 51 теңгеден сатылады. Баға өсті, онда неге шығындар, салық аударымдары, газ құю бекеті жұмысшыларының еңбекақы мөлшері сол күйінде? Бағаның өсуіне негіз болу қажет»,- деді Б. Сапарбаев.

Сұйылтылған газды жеткізушілердің Ақтөбе облысы бойынша ассосациациясы төрағасының орынбасары Алтынай Мұханова қазіргі таңда  2920 тонна сұйылтылған газ алынып, сатылғандығын, тамыз айының соңына дейін 4780 тоннасы жеткізілетіндігін атап өтті.  Сұйылтылған газды бөлумен және сатумен газ құю бекеттері иелерінің арасынан шыққан бастамашыл топ мүшелері, мемлекеттік органдар қызметкерлері айналысады.

«Егер бізде газ қоры болмаса, біз аталмыш мәселені шеше алмаймыз. Бұдан өзге, барлық газ құю бекеттеріндегі газдың  қолдағы мөлшерін, босатылуы мен бағасын көрсететін мәліметтердің электронды базасын құру қажет. Есеп жүргізу жүйесімен жұмыс істеу керек. Әлеуметтік газ орнымен кетуі тиіс, барлығы ашық әрі айқын жұмыс жасаулары қажет»,- деп қатаң тапсырды әкім.

 Жиын соңында Бердібек Сапарбаев аталмыш мәселені он күннің ішінде зерттеп, отын қажеттілігі бойынша талдау жасауды, газ құрылғысы бар машиналарды тіркеуді, осындай жағдайға келесіде жол бермеуді тапсырды.  

Соңғы жаңалықтар