БЭК жобаларына жер телімін беру жағынан жеңілдік жасалады - министр Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баламалы энергия көздерінің аукциондары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өткен жылы біз заңнаманы өзгерттік. Енді, баламалы энергия көздерін өндіретін жобаларды конкурс арқылы іріктейміз. Соның негізінде қолдау жасайтын боламыз. Біз жобаларды іріктеудің аукциондық жүйесін әзірледік. Биылдан бастап 1 ГВт болатын бірнеше аукционды өткізуді жоспарлап отырмыз. Аукционның жеңімпаздары 15 жылдық  келісімшартқа отырады да, баламалы энергия көздерін арнайы компанияға сата алады. Сосын ұлттық валютаның бағамы мен инфляцияның өзгеруіне қарай тарифтерге жыл сайын индексация жасалатын болады", - деді Қ.Бозымбаев баламалы энергия көздерінің аукциондарына арналған жиында.

Министрдің айтуынша, заң бойынша электр желілерде баламалы энергия көздеріне негізгі басымдық беріледі. Сондай-ақ, осы саладағы жобаларға жер телімін беру жағынан жеңілдік жасалады.

"Аукциондар арнайы электронды порталда ұйымдастырылады. Үш сағаттың ішінде кез келген компания өз тарифтерін ұсына алады. Ең аз тариф бергендер жеңімпаз атанып, келісімшартты рәсімдей алады", - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.

Айта кетейік, бүгінде республика бойынша баламалы энергия көздерін өндіретін 58 нысан бар. Олардың жалпы қуаттылығы 343 МВт-ты құрайды. 2020 жылға дейін Қазақстандағы баламалы энергия көздерінің көлемін 3 процентке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2050 жылға дейін аталған көрсеткішті 50 процентке арттыру қажет.

Соңғы жаңалықтар