БЭК аукциондарына қалай қатысуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі айда Қазақстанда баламалы энергия көздері бойынша алғашқы аукцион өтеді. Осы жұмысқа "Корэм" атты арнайы компания жауапты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Kорэм" АҚ төрағасының орынбасары Ержан Мәдиевтің айтуынша, аукциондарды өткізудің өзіндік тәртібі бар. Алдымен ҚР Энергетика министрлігі өзінің сайтында арнайы кестені жариялайды. Онда сатып алынатын энергияның көлемі, күн, жел мен су электр стансылары салынатын аймақтар, сондай-ақ, шекті тарифтер көрсетіледі. Осы кәсіпке қызығушылық білдірген инвесторлар қажетті құжаттарды жинап, аукционға қатысуға өтінім бере алады. Дәл сол аукционда баламалы энергияны ең арзан тарифпен сатамын деген қатысушы жеңімпаз атанады. Сөйтіп, күн, жел, я болмаса, су электр стансасын салып, сол жерде өндірген энергияны мемлекетке сата алады.

"Аукцион жабық үлгіде өтеді. Өтініш бергендер бір-бірін көре алмайды. Біз олардың ішінен ең арзан тариф белгілеген компанияны таңдап, оның ұсынған жобасын сатып аламыз. Ағымдағы жылы 23 мамырда біз алғашқы аукционды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық бар. Алдағы уақытта аукциондар жылына екі рет өткізіледі. Көктемде шағын жобаларға аукциондар ұйымдастырылса, күзде ірі жобаларға аукциондар өткізіледі деген жоспар бар. Ірі жобаларға шетелдік инвесторлар келуі тиіс", - деді Е.Мәдиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бұған дейін баламалы энергия көздері шекті тарифтер бойынша сатып алынса, ендігі кезекте тек ең төмен баға берген компания ғана өзі өндірген энергияны сата алады.

"Біз осы салада әлемдік тәжірибені де зерделеп шықтық. Осы орайда Сауд Арабиясы, Мексика сияқты елдерде өткен аукциондарды ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Мексикада болған аукционда баламалы энергияның 1 КВт/сағаты 1,7 центке дейін түсті. Бұл - әлем бойынша ең төменгі баға. Мексика ол жағынан рекорд жасады. Тура сондай тәжірибе бізде де болады деген үміт бар", - деп атап көрсетті Е.Мәдиев.

Маманның сөзіне қарағанда, бүгінде баламалы энергия көздерінің үлесі көп емес. Сондықтан аукциондар кезінде энергия ең төменгі бағамен сатып алынса да, xалық үшін электрэнергия тарифтері көп өзгермейді. Есесіне, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар азаяды. Себебі баламалы энергияның үлесі артқан сайын жағылатын көмірдің көлемі азаяды.

Айта кетейік, бүгін Астанада баламалы энергия көздерінің аукциондарына арналған жиын басталды. Сол жерде ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев БЭК жобаларына жер телімін беру жағынан жеңілдік жасалатынын жеткізді.  

Фото: newscenter.lbl.gov

Соңғы жаңалықтар