Байқоңырдың бас санитарлық дәрігері обаға қарсы профилактиканы тоқтатты

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - «Байқоңыр» кешені бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен 17П алаңы аумағында оба ауруының алдын алу бойынша профилактикалық шаралар тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Байқоңыр қаласының тұрғындарына ғарыш кешенінің бас санитарлық дәрігері Сергей Огарь хабарлады. «Байқоңыр» кешенінің аумағында табиғи-ошақты аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиялық ахуалға талдау жүргізе келе, аталмыш инфекция бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанғанын атап өтемін», - деп мәлім етті ол.

27 маусым - 3 шілде аралығында 600 гектар аумақ тексерілді, эпизоотиялық ошақтар аймақтарында дезинсекция жүргізілді. Далалық жерлерден алынған сынама материалдарға Қызылорданың обаға қарсы күрес стансасы базасында талдау жүргізілді. 600 гектар аумақ зарарсыздандырылып, су алу бөгетінде жұмыс істейтін 70 адам обаға қарсы егілді.

«Қызылорда обаға қарсы күрес стансасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ақпаратына сәйкес, «Байқоңыр» кешенінің «Левобережный» су алу аумағынан обаны анықтау мақсатында алынған сынама материалдардан бактериологиялық және серологиялық оба анықталмады. «Левобережный» су алу аумағында оба бойынша эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасын ескере отырып,  эпидемияға қарсы жүргізілген және профилактикалық шаралардың нәтижесі бойынша, «Байқоңыр» кешені тұрғындарының арасында оба ауруының тіркелмеуіне байланысты, обаның алдын алу бойынша шаралар тоқтатылсын», - делінген «Байқоңыр» кешенінің бас санитарлық дәрігерінің қаулысында.

Еске салсақ, 30 маусым күні Қызылорданың обаға қарсы күрес стансасы Байқоңыр маңынан оба індетінің табылғандығын хабарлаған еді. Қауіпті инфекция ошағынан алынған сынама сараптамаға жөнелтілген болатын.

Сәл кейінірек, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің төтенше жағдайлар бөлімі шаһар аумағында қауіпті инфекция табылмағандығын мәлім етті. 

Соңғы жаңалықтар